Жаңалықтар

«Туған елге саяхат» балалар пойызы Қазақстан бойынша сапарға аттанды

«Туған елге саяхат» балалар пойызы Қазақстан бойынша сапарға аттанды
Фото: Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 20.06.2023 20:22 1538

Бүгін елордадағы Нұрлы жол вокзалынан «Самұрық-Қазына» АҚ 15 жылдығына орай «Туған елге саяхат» қайырымдылық балалар құрамы өзінің биылғы алғашқы сапарына аттанды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Үш жазғы маусымда 10-15 жас аралығындағы 600 бала Қазақстанның көрнекті жерлеріне барып, экскурсиялық пойызда ұмытылмас демалыс өткізеді.

Салтанатты шығарып салу рәсіміне ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Сүлеймен Ляззат Жаңылысқызы, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның басшылығы, Қор құрамындағы портфельдік компаниялар басшылары, Мәжіліс депутаттары, ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты.

«Сіздер үлкен сапарға шығып барасыздар. Табиғаты таңғажайып жерлерді аралап, еліміздің көрікті мекендерін көзбен көресіздер. Сондықтан үлкен әсер алып, демалыстан көп күш-жігер жинап қайтыңыздар. Біздің міндет – сіздерге бақытты балалық шақты қамтамасыз ету. Сапарларыңыз сәтті болсын!», - деді Нұрлан Жақыпов.

Ол жыл басынан бері бірыңғай қайырымдылық операторы – «Samruk-Kazyna Trust» арқылы мақұлданған 20 жобаның бюджеті 1,7 миллиард теңге болатын 11-і балаларға арналып, 18 мыңнан астам өскелең ұрпақ өкілін қамтитынын атап өтті. Бұл жобалардың арасында ерекше бүлдіршіндерге қажет оңалту орталықтары, балалар спорт алаңдары, бейімделген спорт үйірмелері, отбасылық аула клубтары және тағы басқа бағыттар бар.

Ляззат Сүлеймен өз сөзінде, Қазақстанда тарихи құрылымдар мен заманауи сәулетпен үйлестірілген табиғаттың бірегей ескерткіштері бар екенін атап өтті.

«Біздің елде әрбір қазақстандық бару керек жерлер бар. Сіздерге кең байтақ еліміздің көрнекті жерлерімен танысудың тамаша сәті түсіп тұр. Кең байтақ Отанымыздың көрнекті орындарына бару сіздердің «Өз өңірімді өркендеткім келеді» жобасын жалғастырушысы және тарихи және сәулеттік ескерткіштерді зерттеудің жаңа бастамасы болатынына сенімдімін», - деді Ляззат Сүлеймен.

Жалпы жас жолаушылар арасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығармашылық байқауының жеңімпаздары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерінің балалары бар.

Жоба жүзеге асып келе жатқан жылдары мыңдаған бала туристік пойызда жазғы демалысын әсерлі әрі пайдалы өткізді. Биыл да оқушылар байқауға қатысып, еліміздің ең әдемі жерлеріне тегін сапар шегу мүмкіндігін иеленді. Жаз бойы әрқайсысы 10 күннен 3 кезең ұйымдастырылады. Бірінші бағдар: Астана Нұрлы жол – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Бурабай – Астана Нұрлы жол. Саяхат кезінде балалар әр аймақтың тарихымен танысып, жаңа достар табады және арасында дарындарға жол ашылады.

Жобаның басты мақсаты – балаларды жан-жақты дамыту, болашақ мамандықты таңдауға бағдарлау, өз халқының мәдениетіне қанықтыру және де оны қазіргі өмірдің алуан қырына бойлату Жоба, сонымен қатар, балалардың айналаға деген қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерін зерделеуге, Отанға деген сүйіспеншілікке баулуға, патриотизмді нығайтуға бағытталған.

Мысалы, Байқоңыр қаласында балалар «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне барып, Байқоңыр ғарыш айлағының мұражайын көреді, тіпті зымыран макетін ұшырады. Саяхат кезінде балалар табиғатта көп уақыт өткізіп, соның арқасында қоршаған ортаға қамқорлық пен табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үйренеді.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырылуда.

«Туған елге саяхат» пойызы жолаушыларының күнделікті тыныс-тіршілігі туралы ақпарат жобаның Instagram-дағы ресми парақшасында орналастырылады: @tuganelge_sayahat

Анықтама: туристік пойыз 3 маусымда жол жүреді:

  1. 20-28 маусым аралығы: Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Бурабай - Астана;
  2. 2-11 шілде: Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Алакөл - Астана;
  3. 19-30 шілде: Астана – Алматы – Түркістан – Байқоңыр – Ақтау - Астана.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға