©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Туберкулезді емдеудің жаңа тәсілі табылды

Ирландиядағы Сент-Джеймс ауруханасының ғалымдары COVID-19-ды емдеуге арналған дексаметазон препараты инфекциямен, соның ішінде туберкулез қоздырғышымен күресетін иммундық жасушаларды белсендіре алатынын анықтады. Зерттеу нәтижелері Scientific Reports (SciRep) журналында жарияланған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Дексаметазон – глюкокортикоидтар тобына жататын гормоналды препарат. Ол қабынуды басады, бірақ кей жағдайларда иммундық жүйенің жұмысын әлсіретуі мүмкін. Сол себепті глюкокортикоидтар инфекциялық ауруларды емдеу кезінде қауіп тудыруы ықтимал, өйткені олар жасырын туберкулез инфекциясын қайта белсендіруі мүмкін.

Дегенмен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) кейбір клиникалық жағдайларда туберкулезді емдеу кезінде глюкокортикоидтарды қосымша терапия ретінде қолдануды ұсынады.

Зерттеу аясында ғалымдар дексаметазонмен сау донорлардың қанынан және науқастардың өкпе сұйықтығынан алынған макрофагтарды өңдеді. Кейін бұл жасушаларды туберкулез микобактерияларымен жұқтырды.

Нәтижесінде дексаметазон қабыну тудыратын сигналдық молекулалардың деңгейін төмендететіні, сонымен қатар макрофагтардың өміршеңдігін арттырып, бактерияларды жоюға көмектесетіні анықталды. Бұл әсер аутофагия деп аталатын – жасушалар ішіндегі «қалдықтарды» жою процесінің белсенуімен байланысты.

Ғалымдар әртүрлі көздерден алынған макрофагтардың дексаметазонға әрқалай реакция бергенін байқады. Бұл терапия тиімділігін бағалауда жасушалардың шыққан тіні маңызды рөл атқаратынын көрсетеді.

Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері дексаметазонды туберкулезді емдеуде қосымша құрал ретінде қолдануға болатынын дәлелдейді. Әсіресе қабыну процесі күшті жағдайларда, тіндердің зақымдануын азайтып, иммундық қорғанысты сақтап қалу үшін оның пайдасы зор.