Pixabay

Цифрлы ораза ұстайсыз ба?

19.02.2026 16:13

19 ақпан – 19 наурыз аралығында мұсылмандар ораза ұстап, құлшылық жасайды.  Исламтанушылар шариғи оразадан бөлек, цифрлы ораза ұстау керегін айтады.

Рамазан айында жасалған құлшылықтарды насихаттау, көрсетіп ораза ұстау, «ауызашарда отырмын» деп сурет, видеолар салу рия (жария түрде жасау) болып саналады. Оның сауабы азайып, кейін тіпті жойылып кетеді. Сондықтан шариғи оразадан бөлек, цифрлық ораза да ұстау керек, – деді исламтанушы Қайрат Байбосынұлы Malim.kz-ке берген сұхбатында.

Көпшілік арасында Digital-detox дейтін ұғым бар. Бұл белгілі бір уақытқа дейін әлеуметтік желіні шектеу. Мұны көбінесе, қоғамдағы қым-қуыт оқиғадан шаршап, жанына тыныштық іздегендер таңдайтын. Мысалы, үш күн, екі апта, бір ай деп күнін бекітіп, сол аралықта әлеуметтік желіге кірмейсіз.

Сол сияқты Рамазан айында әлеуметтік желіге түбегейлі кірмей, немесе сурет/бейнеүзік бөлісуді біршама уақытқа кейінге қалдыруға болады. Соның ішінде тағамның суретін, кім ауызашарға шақырғанын белгілеп, жарияламай-ақ құлшылық жасайсыз.

Пітір садақа мөлшері

Иә, садақа беру де – құлшылық. Биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы  пітір садақа мөлшерін 2 келі ұнның нарықтағы орташа бағасымен есептеп, 735 теңгеге белгіледі. Сондай-ақ бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейіз (6400 теңге) немесе 4 келі құрма (12400 теңге) құнымен бергені жақсырақ.

Исламтанушылардың айтуынша, шариғатта қыздар үшін балиғат жасы – 13-15 жастан, ер балалар үшін кемінде 15 жастан басталады. Балалардың балиғат жасқа толғанын физиологиялық белгілеріне қарап анықтайды. Сондықтан ораза ұстау-ұстамау тұрығысында дәрігерден, ата-анасынан немесе мешіттегі имамнан ақыл-кеңес сұрағаны дұрыс.

Фидия дегеніміз не?

Егер дәрігер ауру адамдарға ораза ұстауға болмайды десе, онда олар фидия төлей алады. Әлсіз, қарт адамдар сырқаты асқынып кетпеуі үшін, ораза ұстамай, есесіне  өтем жасайды.

Фидия  мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Бір күнге бір фидия беріледі. Оның биылғы мөлшері – 4000 теңге.

Ақшасыз да садақа беруге бола ма?

Иә, садақа тек материалдық дүние емес, рухани құндылыққа да негізделеді. Жаныңдағы жақыныңа жылы сөз айтып, әр істі мәмілемен жасап, жылы шырай таныту да – садақа. Ата-анаға қызмет жасап, ер азамат отбасын адал табыспен асыраса, әйелі балаларына дұрыс тәрбие бергені де – садақа.

Осы орайда Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халыққа үндеу жасап, Рамазан айында арақ-шарап сатпауға шақырды.

Қасиетті айда ұйымдастыратын қайырымдылық іс-шараларына үлес қосуға шақырамын. Кәсіпкерлерді әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына жеңілдік жасауға үндеймін. Рамазан айына тура келген құдайы астарды ауызашар уақытында өткізіп, көбірек сауап алуға тырысайық.   Қоғамдық тамақтану орындарында ауызашар мәзірін халыққа ыңғайлы бағамен ұсыну да – сауапты істің бірі. Дүкендерде күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шарап сатылмаса деген тілегімізді жеткіземіз, – деді Бас мүфти.