Ғазиз Шакиров

«Цифрлы Наурыз». Астанада ауқымды дрон-шоу өтті

21.03.2026 23:30

Астанада Наурыз мейрамы аясында ерекше форматтағы ауқымды дрон-шоу ұйымдастырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер сыйлады. Көрермен «Қазақ Елі» алаңында өткен бұл заманауи кеште жүздеген жарық дронның көмегімен түнгі аспанда бейнеленген ұлттық композицияларды тамашалады.


Шоу барысында қазақ халқының бай мәдени мұрасын бейнелейтін көріністер бірінен соң бірі пайда болды. Атап айтқанда, аспанда киіз үй, тайқазан, шұбат құйылған тостаған, түйелі керуен және асық бейнелері көрініс тапты. Бұл образдар көшпелі өмір салтын, береке мен бірлікті, ұлттық болмысты айқын көрсетті.

Сонымен қатар бағдарламада табиғаттың жаңаруын білдіретін символикалық композициялар да ұсынылды. Үш өлшемді қызғалдақ бейнесі, күн мен ай көріністері көктемнің келуі мен күн мен түннің теңелуін әсерлі түрде жеткізді.

Шоудың финалында аспанда «Наурыз құтты болсын!» деген жазу пайда болып, мерекелік көңіл-күйді одан әрі арттырды.

Шоуды тамашалауға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Көпшілік ерекше көріністі телефонға түсіріп, әрбір жаңа композицияны ду қол шапалақпен қарсы алды. Осындай заманауи форматтағы шаралар Наурыз мейрамының мазмұнын жаңа қырынан танытып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді.

Астана тұрғыны Әлфия Хасанова бұл мерекені елордада алғаш рет қарсы алғанын айтып, дрон-шоудың ерекше әсер қалдырғанын жеткізді.

Фотода Әлфия Хасанова

Біз Астанаға Алматыдан бір жыл бұрын көшіп келдік. Наурызды мұнда алғаш қарсы алып жатырмыз. Кешкісін арнайы анам мен баламды дрон-шоу көруге ертіп келдім. Көріністер өте әсерлі болды. Ең бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – дейді ол.

Ал тағы бір қала тұрғыны Ақжібек Әмірова бірнеше күннен бері жалғасып жатқан мерекелік бағдарламалардың ауқымын атап өтті.

Фотода Ақжібек Әмірова

Наурызды кешеден бері тойлап жатырмыз. Күні бойы түрлі іс-шаралар өтуде. Басқа қаладағы туыстарымыз да дрон-шоуды көріп қайтуға кеңес берді. Шынымен де өте әсерлі болды. Әсіресе асық пен түйелердің бейнесі ерекше ұнады, – дейді тұрғын.

Айта кетейік, 22 наурыз күні Астанада Наурыз мейрамы аясындағы мерекелік шаралар жалғасады. Қаланың негізгі алаңдарында ұлттық тағамдар ұсынылатын жәрмеңкелер, қолөнер көрмелері, түрлі шеберлік сағаттары мен дәстүрлі салт-жоралғылар көрсетіліп жатыр.