Цифрландыру экономиканың жаңа драйверіне айналуда - сарапшы
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында үш жыл ішінде Қазақстанды толығымен цифрлық елге айналдыру жөніндегі ауқымды мақсаты туралы мәлімдеген еді. Қызылордада өткен Құрылтайда да мемлекет басшысы осы мәселеге ерекше тоқталып, «Биыл цифрландыру мен жасанды интеллект жылы құр ұран болып қалмауы керек» деп атап өтті.
Осыған орай, Экономикалық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Салтанат Ахметжанова мұның қандай артықшылықтары бар екеніне және экономикаға әсеріне тоқталды.
Қазақстан цифрлық басқару деңгейі бойынша Орталық Азия мен ТМД елдері арасында көшбасшы және әлемдік рейтингтерде жетекші орынға ие. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы іске асып, бірқатар көрсеткіш бойынша (электрондық мемлекеттік қызметтер, экономиканы цифрландыру) жақсы нәтижелерге қол жетті, жасанды интеллектті (ЖИ ) дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды, мобильді желі және кең жолақ (4G, 5G) бойынша интернетпен қамту кеңейіп, мемлекеттік университеттерде ЖИ оқыту міндеттелді, - деп атап өтті сарапшы.
Салтанат Ахметжанованың сөзінше, экономикалық тұрғыдан цифрландыру және ЖИ бағдарламасы құрылымдық өзгерістердің драйвері ретінде Қазақстанды шикізаттан кейінгі даму траекториясына шығарып, өнімділік пен салық базасын ұлғайта алады. Мемлекеттік басқаруды цифрландыру әкімшілік шығыстарды қысқартуға, бизнес пен азаматтарға көрсетілетін қызметтерді жеделдетуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Нақты секторда жасанды интеллект құрылғылардың тиімділігін арттыра алады, ауыл шаруашылығына «ақылды» технологияларды енгізу климаттық тәуекелдерді болжауға жәрдемдеседі. Экономика тұрғысынан да цифрлық кластерлер құру, экономикалық білімді күшейту, шикізатқа тәуелділікті төмендету сияқты өзгерістеге жол ашылады. Цифрлық кодекс цифрлық активтерді, электрондық сауда алаңдарын, онлайн-қызметтерді реттеу негізі ретінде салық түсімдерін ұлғайтады. Мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру және онлайн-бақылау бюджет шығындарын азайтады, - деп түсіндірді экономист.
Маманның айтуынша, қысқа мерзімде шығын көп болуы мүмкін, бірақ кейінірек ЖІӨ өсіп, экономиканың тұрақтылығына, бәсекеге қабілеттіліктің артуына, сонымен қатар өңірде цифрлық технология бойынша көшбасшы атануға мүмкіндік мол.
Жаңа мамандықтар, яғни ЖИ инженерлері, үлкен деректер мамандары, алгоритмдерді жасаушылардың жұмысы қарқынды болады әрі дами түспек. Автоматтандыру мен роботтар жұмыс орындарының бір бөлігін ығыстырып, кадрларды қайта даярлау қажет болады. Цифрландыру және ЖИ дамытуға үшін әуелі инвестиция, кадрлар даярлау және бәрін мұқият реттеу қажет (Цифрлық кодексті қабылдау), - деп сөзін түйінеді сарапшы.

