Трихолог шаш түсуіне қарсы күтімнің құпиясымен бөлісті
Әр әйел шашының әдемі әрі қалың болғанын қалайды. Алайда күнделікті күйзеліс, нашар күтім мен ағзадағы ішкі өзгерістер шаштың әлсіреуіне әкеліп жатады. Мұндай жағдайда мәселені тек косметикалық құралдармен шешу жеткіліксіз.
Шаш түсуге не әсер етеді, дәрумендер қаншалықты маңызды және қашан трихологқа қаралу керек? Бұл сауалдарға тәжірибелі дерматовенеролог, дерматокосметолог, трихолог Гүлдана Акишева жан-жақты жауап берді.
Шаш түсуге ең көп әсер ететін факторлар қандай?
Шаштың түсуі әрдайым алаңдауға негіз болатын мәселе емес. Мамандардың айтуынша, күніне 50-100 тал шаштың түсуі қалыпты физиологиялық құбылыс саналады. Алайда бұл мөлшерден асып, шаш сирей бастаса, оның себебін анықтау маңызды. Трихолог Гүлдана Акишева шаш түсуге әсер ететін негізгі факторлар көбіне өзара байланысты екенін айтады.
Шаштың жұқаруына ең алдымен генетикалық бейімділік ықпал етеді. Андрогенетикалық алопеция әйелдер мен ерлерде жиі кездеседі және шаш фолликулаларының белгілі гормондарға сезімталдығымен сипатталады. Бұл процесс баяу жүріп, уақыт өте келе шаштың өсу циклі қысқарып, оның қалыңдығы азаяды. Генетикалық шаш түсу бірден байқалмайды. Ол жылдар бойы дамиды, сондықтан ерте кезеңде анықтау өте маңызды, – дейді маман.
Оқи отырыңыз:
- «Бір сағаттық түсірілім – 400 доллар»: қазақстандық видеограф Ұлыбританияны қалай бағындырды?
- «Мамандығым бойынша кадр тапшы». Канадалықтар түсірген фильмге көмектескен жетісайлық жігіт
- Timbaland, Николь Шерзингер, Busta Rhymes: 2026 жылы Қазақстанға тағы қандай жұлдыздар келеді?
Гормоналды өзгерістер де әйелдердегі шаш түсуінің негізгі себептерінің бірі. Жүктілік, босанғаннан кейінгі кезең, менопауза және қалқанша безінің қызметіндегі ауытқулар шаштың құрылымына тікелей әсер етеді. Жүктілік кезінде эстроген деңгейінің жоғарылауынан шаш қалың көрінуі мүмкін, ал босанған соң оның көптеп түсуі қалыпты жағдай саналады.
Әйелдерде шаш түсу көбіне гормоналды теңгерімсіздікпен байланысты болады. Сол себепті тек косметикалық күтім жеткіліксіз, – деп атап өтті Гүлдана.
Маман стресс факторының да шаштың күйіне айтарлықтай ықпал ететінін айтады. Ұзаққа созылған эмоционалды немесе физикалық күйзеліс шаштың өсу фазасын бұзып, бірнеше ай өткен соң айқын көрініс беруі мүмкін. Мұндай жағдайда шаш түсу көбіне уақытша сипатта болады.
Стресстен кейін шаш бірден түспейді. Әдетте 2-3 ай өткен соң байқалады, сол себепті әйелдер оның нақты себебін түсіне бермейді, – дейді трихолог.
Сонымен қатар дұрыс тамақтанбау мен дәрумен тапшылығы да шаштың әлсіреуіне әсер етеді. Темір, D дәрумені, мырыш жетіспеушілігі, қатаң диеталар немесе күрт салмақ тастау шаштың жұқаруына әкелуі мүмкін.
Шаш – ағзаның айнасы іспеттес. Егер ағзада бір дәрумен немесе микроэлемент жетіспесе, оны ең алдымен шаштың жағдайынан көреміз, – дейді маман.
Қоршаған ортаның әсері мен шаш күтіміндегі қателіктер де мәселені ушықтыра түседі. Қаладағы ауа ластануы, шаң-тозаң, сондай-ақ қыздырғыш құралдарды жиі қолдану шаштың сынуына және түсуіне әкелуі мүмкін. Бұған қоса, кейбір аурулар мен дәрі-дәрмектер шаштың уақытша немесе тұрақты түсуіне себеп болады.
Шаштың түсуі кейде ішкі аурулардың алғашқы белгісі болуы мүмкін. Сондықтан бұл процесс ұзақ уақыт тоқтамаса, міндетті түрде маманға қаралу керек, – деп түйіндейді Гүлдана Акишева.
Шашқа қажетті дәрумендер мен минералдар
Шаштың түсуі тек сыртқы күтімге ғана емес, ағзаның ішкі жағдайына да тікелей байланысты. Шаштың өсуі мен сапасына әсер ететін дәрумендер мен минералдар иммундық жүйені нығайтып қана қоймай, шаш фолликулаларының дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етеді. Гүлдана Акишева шашқа қажетті ең маңызды микроэлементтерге тоқталды.
Трихологтың сөзінше, А дәрумені шаш фолликулаларының қызметін қолдап, бас терісінің саулығын сақтауда маңызды рөл атқарады. Оның жетіспеушілігі шаштың көп түсуіне, өсуінің баяулауына және қайызғақтың пайда болуына әкелуі мүмкін.
А дәрумені – шаштың түбірі үшін аса қажет. Бірақ оны өз бетімен қабылдау қауіпті, әсіресе жүкті әйелдерге міндетті түрде дәрігер кеңесі керек, – дейді Гүлдана Акишева.
Шаш құрылымының негізгі ақуызы саналатын кератиннің түзілуіне В дәрумендері кешені тікелей қатысады. Фолий қышқылы, биотин, пиридоксин, ниацин, пантотен қышқылы мен В12 дәрумені жетіспеген жағдайда шаш жұқарып, сынғыш бола бастайды.
В дәрумендерінің тапшылығы кезінде шаш фолликулалары қоректік заттарды толық ала алмайды. Бұл шаштың әлсіреуіне әкеледі, – деп түсіндіреді трихолог.
С дәрумені күшті антиоксидант ретінде шашты бос радикалдардың әсерінен қорғайды және темірдің ағзада жақсы сіңуіне көмектеседі. Оның жетіспеушілігі шаштың құрғауына, сынуына және баяу өсуіне себеп болуы мүмкін.
Кей әйелдер темір ішіп жүрсе де, нәтижеcін көрмейді. Көп жағдайда мәселе С дәруменінің жетіспеуінен туындайды, – дейді маман.
D дәрумені де шаш саулығында маңызды орын алады. Ол жаңа, сау шаш фолликулаларының қалыптасуына әсер етеді. Бұл дәрумен жетіспегенде шаш құрғап, сынғыш бола түседі.
Бүгінде D дәруменінің тапшылығы өте жиі кездеседі. Ол тек шашқа емес, жалпы иммунитетке әсер етеді, – дейді Гүлдана Акишева.
Шашты оксидатив зақымданудан қорғайтын тағы бір маңызды элемент – Е дәрумені. Оның жеткіліксіздігі кезінде шаш құрғап, жылтырлығын жоғалтады. Ал минералдарға келсек, темір тапшылығы әйелдердегі шаш түсуінің ең жиі себептерінің бірі саналады. Темір жетіспегенде шаш жұқарып, көптеп түсе бастайды.
Шаштың көп түсу мәселесімен келген әйелдердің басым бөлігінде темір тапшылығы анықталады. Сондықтан қан талдауы өте маңызды, – дейді трихолог.
Мырыш жасуша өсуін, ақуыз синтезін және гормондық тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Оның жетіспеушілігі шаштың жұқаруына әкелсе, селен шаш фолликулаларын оксидатив зақымданудан қорғайды. Сонымен қатар омега-3 май қышқылдары бас терісінің саулығын сақтауға көмектесіп, шаштың құрғауы мен сынғыштығын азайтады.
Трихологтың сөзінше, шаш түсуін азайту үшін дұрыс тамақтану маңызды.
Дәрумендерді өз бетінше қабылдағаннан гөрі, алдымен қан анализін тапсырып, нақты жетіспеушілікті анықтау керек. Сонда ғана ем нәтижелі болады, – дейді Гүлдана Акишева.
Үй жағдайында шашқа дұрыс күтім жасау
Шаштың түсуін азайтуда тек дәрумендер ғана емес, күнделікті дұрыс күтім де әсер етеді. Трихолог маман ең алдымен шаштың түрі мен бас терісінің жағдайын анықтап алу маңызды деп есептейді. Себебі бұйра, түзу, жіңішке немесе қалың шашқа арналған күтім бірдей болмауы керек, сондай-ақ майлы, құрғақ немесе сезімтал бас терісі де жеке тәсілді талап етеді.
Көп әйелдер шашына емес, трендке қарап күтім жасайды. Ал шын мәнінде өнім шаштың түрі мен бас терісіне сай таңдалуы тиіс, – дейді маман.
Шашты жуу жиілігі де маңызды. Тым жиі жуу бас терісіндегі табиғи майды шайып, шашты құрғатып жіберсе, сирек жуу теріде өнім қалдықтарының жиналуына және тітіркенуге әкелуі мүмкін. Көп жағдайда аптасына 2-3 рет жуу жеткілікті, ал нақты режим шаш типіне қарай анықталады.
Шашты күнде жуудың қажеті жоқ. Егер бас терісі қатты майланбаса, жиі жуу шаштың әлсіреуіне әкелуі мүмкін, – деп ескертеді трихолог.
Үй күтімінде кондиционер мен маскалардың орны бөлек. Кондиционер шашты жұмсартып, тарауды жеңілдетсе, маскалар шаштың ылғалдылығын қалпына келтіреді. Жіңішке шашқа кондиционерді тек ұшына жағу ұсынылса, құрғақ немесе бұйра шашқа оны барлық ұзындығына қолдануға болады. Аптасына 1-2 рет терең қоректендіретін маска шаштың құрылымын жақсартуға көмектеседі.
Масканы тым жиі қолдану да дұрыс емес. Барлығы мөлшермен және шаштың жағдайына қарай жасалуы керек, – дейді Гүлдана Акишева.
Шашты кептіру тәсілі де оның саулығына әсер етеді. Маман шашты қатты ысқыламай, жұмсақ сүлгімен ақырын сүртуге кеңес береді. Мүмкіндігінше табиғи жолмен кептірген дұрыс, ал фен немесе басқа ыстық құралдарды қолданғанда міндетті түрде термоқорғаныс құралын пайдалану қажет.
Шаш ұштарын күту үшін табиғи майлар мен серумдарды қолдануға болады. Олар шаштың сынуын азайтып, жылтырлатады. Ал бас терісіне арналған серумдар қан айналымын жақсартып, фолликулалардың қоректенуіне ықпал етеді. Сонымен қатар қатты тартылатын шаш үлгілерінен, тығыз резеңкелерден және ыстық құралдарды шамадан тыс қолданудан аулақ болу маңызды, – дейді Гүлдана Акишева.
Түнгі күтім де назардан тыс қалмауы тиіс. Ұйықтар алдында шашты тарау немесе бос өріп қою шаштың сынуын азайтады.
Түнде шашқа күтім жасау да маңызды. Дәл осы уақытта шаш тынығып, қоректік заттарды жақсы қабылдайды, – дейді ол.
Әйелдердің шаш күтімінде ең жиі жіберетін қателігі
Шаш түсуін күшейтетін факторлардың бірі – дұрыс таңдалмаған үй күтімі. Көп жағдайда әйелдер шашына зиян келтіріп жатқанын өздері байқамай жатады.
Гүлдана Акишеваның сөзінше, ең кең таралған қателіктің бірі – сусабынды шаштың бүкіл ұзындығына жағу. Негізінде сусабын тек бас терісін тазартуға арналған, ал шаштың өзі жуу кезінде аққан көбік арқылы тазарады.
Сусабынды шаштың ұшына дейін жаға беру шашты құрғатып, сынғыш етеді. Оны тек бас терісіне жеңіл массаж жасап қолдану жеткілікті, – дейді трихолог.
Тағы бір жиі кездесетін қателік – кондиционерді мүлде қолданбау. Кондиционер шаштың сыртқы қабатын жабуға, ылғалды сақтауға және сынуды азайтуға көмектеседі.
Кей әйелдер кондиционерді қажетсіз деп санайды. Ал шын мәнінде, ол шашты қорғаудың негізгі құралдарының бірі, – деп атап өтті Гүлдана Акишева.
Сулы шашты тарау да дұрыс тәсілді талап етеді. Тік шашты аздап кепкеннен кейін тісі үлкен тарақпен тараған жөн, ал бұйра шашты дымқыл кезінде тарауға болады.
Сапасы нашар тарақ шаштың сынуына тікелей әсер етеді, – дейді маман.
Сонымен қатар ұзақ уақытқа ұстайтын сәндеу өнімдерін жиі пайдалану, шашты қатты тартып жинау да шаш фолликулаларына қосымша салмақ түсіреді. Тығыз түйіндер мен өрімдер шаштың түбін әлсіретіп, уақыт өте келе түсуіне себеп болуы мүмкін.
Шашты үнемі тартып жүру – оны баяу, бірақ тұрақты түрде әлсіретеді, – деп ескертеді маман.
Шаш жалғамаларын ұзақ уақыт пайдалану да қауіпті. Мамандар оны 2-3 айдан артық қолданбауға және үнемі тағудан аулақ болуға кеңес береді. Ал шашты жиі бояу немесе химиялық түзету де шаштың құрылымын зақымдайды.
Шашты бояу мен химиялық өңдеуді неғұрлым сирек жасасаңыз, шаш соғұрлым сау болады, – дейді Гүлдана Акишева.
Түзеткіш, фен, бояу және химиялық процедуралар шашқа қаншалықты зиян?
Шашты тегістегіш, фен, бигуди және түрлі химиялық процедуралар шаштың сыртқы көрінісін уақытша жақсартқанымен, ұзақ мерзімде оның құрылымына елеулі зиян келтіруі мүмкін. Гүлдана Акишева ыстық құралдардың шаш талшығына тікелей әсер ететінін айтады. Жоғары температура шаштың негізгі құрылымдық ақуызы саналатын кератинді бұзып, оның серпімділігін төмендетеді. Нәтижесінде шаш құрғақ, сынғыш әрі әлсіз бола бастайды.
Ыстық құралдардың әсері бірден байқалмауы мүмкін. Алғашында шаш тек құрғағандай көрінеді, кейін ұшынан сыну, бұйралану, жылтырдың жоғалуы сияқты белгілер пайда болады, – дейді маман.
Шаш бояулары мен химиялық өңдеулер де шаш саулығына кері әсер етеді. Мұндай процедуралар шаштың табиғи май қабатын және ақуызын бұзып, оны жұқа әрі қорғанышсыз күйге түсіреді. Ақуыздар шаш талшығын сыртқы әсерден қорғап тұратын негізгі элемент болғандықтан, олардың зақымдануы шашты қоршаған орта факторларына әлдеқайда сезімтал етеді.
Бояудан немесе химиялық түзетуден кейін шаш әлсіреп тұрса, бұл – оның қорғаныш қабаты зақымданғанының белгісі, – деп түсіндіреді трихолог.
Маман кейбір бояулар мен химиялық өнімдерді ұзақ уақыт қолдану аллергиялық реакциялар мен бас терісінің тітіркенуіне әкелуі мүмкін екенін де ескертеді. Мұндай жағдайларда қышыну, қызару, тіпті тыныс алудың қиындауы байқалады.
Шаш күтіміндегі кез келген агрессивті процедура денсаулыққа әсер етуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік әрдайым бірінші орында тұруы керек, – дейді трихолог.
Шашты қорғау үшін ыстық құралдарды мүмкіндігінше азайту, оларды қолданғанда төмен немесе орташа температураны таңдау, міндетті түрде кондиционер мен қорғаныш құралдарын пайдалану маңызды. Сондай-ақ бояу мен химиялық процедуралардың арасында жеткілікті уақыт аралығын сақтау және шашты күн сәулесі мен қоршаған ортаның зиянды әсерінен қорғау қажет.
Шашқа үнемі демалыс беру керек. Үздіксіз бояу мен түзету оның қалпына келуіне мүмкіндік бермейді, – дейді Гүлдана Акишева.
Қандай жағдайда трихологқа дереу қаралу қажет және қандай тексерулер жасалады?
Шаштың түсуі кейде уақытша құбылыс болғанымен, кей жағдайларда ол ағзадағы күрделі өзгерістердің белгісі болуы мүмкін. Гүлдана Акишева шаш кенеттен және көп мөлшерде түсе бастаған кезде маманға жүгінуді кейінге қалдырмау керегін ескертеді. Егер күніне 100 талдан артық шаш түссе, маңдай сызығы кейін шегініп, төбе немесе самай тұсында сиреу байқалса, сондай-ақ бас терісінде домалақ не әркелкі таз ошақтар пайда болса, бұл – тек косметикалық емес, медициналық мәселе болуы мүмкін.
Көп әйелдер шаш өздігінен қалпына келеді деп күтеді. Алайда кей жағдайларда уақытты өткізіп алу емнің нәтижесіне тікелей әсер етеді, – дейді маман.
Шаш түсу қышыну, қызару, қабыршақтану немесе ауырсынумен қатар жүрсе және бұл жағдай бірнеше ай бойы басылмаса, трихологтан кеңес алған жөн. Мұндай белгілер бас терісіндегі қабыну процестерін немесе жүйелік ауруларды меңзеуі мүмкін.
Егер шаш түсуі үш айдан аса уақыт бойы тоқтамаса, бұл ағзаның дабыл қағып тұрғанын көрсетеді, – дейді Гүлдана Акишева.
Қабылдау барысында шаш пен бас терісін тексерудің негізгі әрі алғашқы әдісі ретінде трихоскопия қолданылады. Арнайы құрылғы арқылы дәрігер бас терісінің жағдайын, шаш фолликулдарының ашықтығын, шаш талшығының қалыңдығы мен құрылымын бірнеше есе үлкейтіп қарайды. Бұл әдіс ауыртпайды, тез жүргізіледі және шаш түсуінің сипатын анықтауға мүмкіндік береді.
Трихоскопия – біз үшін ең маңызды диагностикалық құрал. Ол шаштың қандай фазада түсіп жатқанын және фолликулдардың жағдайын нақты көрсетеді, – дейді трихолог.
Алғашқы тексеруден кейін шаш түсуінің ішкі себептеріне күдік туындаса, дәрігер қосымша зертханалық талдаулар тағайындайды. Олар гормоналдық өзгерістерді, темір тапшылығын, қабыну процестерін немесе басқа да жүйелік бұзылыстарды анықтауға көмектеседі.
Шашты тек сыртынан емдеу жеткіліксіз. Нақты себеп табылмаса, нәтиже де ұзаққа бармайды, – деп түйіндейді Гүлдана Акишева.
Айта кетейік, бұған дейін қартаюға қарсы antiage косметиканы зерттейтін қазақ қызы жайлы жазған едік.

