shutterstock

Трейдерлер 19 млрд доллар жоғалтты

12.10.2025 03:26

Криптовалюта нарығы соңғы тәулікте күрт құлдырап, трейдерлер шамамен 19 миллиард доллардан айырылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

11 қазанда криптонарықта жаппай сатылым басталып, миллионнан астам трейдер шығынға ұшырады. Криптобиржаларда мәжбүрлі түрде жабылған сауда позицияларының жалпы көлемі 19 млрд доллардан асып, антирекорд тіркелді.

Басты криптовалюта — Bitcoin (BTC) бағамы 112 мың доллардан төмен түсіп, ал Binance биржасында бір сәтте 102 мың долларға дейін құлаған. Бір күн бұрын ғана биткоин 122 мың доллардан жоғары саудаланып, тарихтағы ең жоғарғы деңгейін жаңартқан еді.

Ethereum (ETH) құны бір тәулікте 4 400 доллардан 3 435 долларға дейін төмендеді. Ал кейбір ірі альткоиндер, соның ішінде Toncoin (TON), өз құнының 80%-ына дейін жоғалтқан.

Сарапшылар мұндай құлдырауды нарықтағы алыпсатарлық белсенділіктің артуымен, сондай-ақ ірі инвесторлардың қысқа мерзімді пайда мақсатында активтерін жаппай сатуы себеп болғанын айтады.