Трамп Вашингтондa өлім жазасын қолдануға рұқсат берді
Трамп Вашингтонда өлім жазасын енгізу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
АҚШ Президенті Дональд Трамп ел астанасында жасалған ең ауыр қылмыстарға қатысты өлім жазасын қолдануға мүмкіндік беретін арнайы жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, Бас прокурор мен Колумбия округінің прокуроры федералдық заңнамада көзделген өлім жазасын толық көлемде іске асыруға міндеттелді.
Жарлықта федералдық прокурорларға егер дәлелдер мен жағдайлар негізді болса, кісі өлтіру және өзге де аса ауыр қылмыстар үшін өлім жазасын талап ету тапсырылған. Сондай-ақ, Бас прокурорға Вашингтон аумағындағы қылмыстар бойынша федералдық юрисдикцияны барынша қолдану жүктелді.
Ақ үйдің мәлімдемесінде мұндай қадам елдегі қауіпсіздікті күшейтуге бағытталғаны айтылды. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары Вашингтонда «тым жұмсақ саясаттың салдарынан» қылмыс деңгейі күрт өскен. 2024 жылы ел астанасында кісі өлтіру деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 27,3 жағдайды құраған. Бұл – АҚШ бойынша төртінші ең жоғары көрсеткіш. Ол Нью-Йоркпен салыстырғанда алты есе көп және Атланта, Чикаго мен Комптоннан да жоғары.
Егер біреуді өлтірсеңіз немесе полиция қызметкерінің өміріне қастандық жасасаңыз – жазасы өлім болады, - деді Трамп жарлыққа қол қойғаннан кейін.
Айта кетейік, Вашингтонда өлім жазасы 1981 жылы ресми түрде жойылған болатын. Соңғы рет бұл жаза 1957 жылы қолданылған. Сондықтан жаңа шешім құқық қорғау ұйымдары мен бірқатар саясаткерлердің қарсылығын тудырып отыр. Сарапшылардың пікірінше, құжат конституциялық тұрғыда дау тудыруы ықтимал.
Дональд Трамп, керісінше, бұл шара ел астанасын «қылмыс пен тәртіпсіздіктің ошағынан әлемдегі ең әдемі әрі қауіпсіз астанаға айналдыруға» көмектеседі деп сендірді.

