Трамп Украинаға жеткізілетін қару-жарақ көлемін ұлғайтпақ
АҚШ президенті Дональд Трамп 7 шілде күні кешке Украинаға көбірек қару жеткізілетінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қару-жарақ негізінен қорғаныс сипатында болмақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Біз көмек көрсетуіміз керек. Украина өзін қорғауға мүмкіндік алуы тиіс. Қазір оларға өте ауыр соққылар жасалып жатыр, – деді Трамп Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен Ақ үйдегі ресми кешкі ас кезінде.
Сонымен қатар Трамп 3 шілде күні Ресей президенті Владимир Путинмен өткізген телефон әңгімесіне көңілі толмағанын алға тартты:
Ол (Путин) соңына дейін барғысы келеді, адамдарды өлтіруді жалғастыра бермек – мұның салдары ауыр болмақ, – деді АҚШ басшысы.
Сол түні-ақ Ресей әскері Украинаға рекордтық көлемде – 550 зымыран және дрон жібергені хабарланды.
Осылайша, АҚШ Украинаға бұрын уақытша тоқтатылған әскери көмектің бір бөлігін қайта жеткізуді көздеп отыр. Бұл шешім Трамптың арнайы өкілі Кит Келлог пен Украина қорғаныс министрі Рустем Умеров арасындағы жоғары деңгейдегі екі кездесуден кейін қабылданбақ.
Бірінші кездесу 10-11 шілде күндері Римде өтетін Украинагы қалпына келтіру жөніндегі халықаралық конференцияда жоспарланған, ал екінші кездесу бірнеше күннен кейін Киевте өтеді.
Айта кетейік, 2 шілдеде АҚШ-тың Украинаға кейбір оқ-дәрілерді, атап айтқанда, Patriot жүйесіне арналған зымыран-перехватшыларды, Stinger зениттік-зымыран кешендерін, NASAMS әуе қорғаныс жүйесі мен F-16 жойғыштарына арналған зымырандарды жеткізуді уақытша тоқтатқандығы белгілі болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл шешім Украина Қарулы Күштерінің күшейіп келе жатқан Ресей әуе шабуылдарына тойтарыс беру мүмкіндігіне елеулі зиян келтіруі мүмкін.
Бұған дейін АҚШ-тың Қазақстанға 25% баж салығын енгізетіні туралы жазғанбыз.

