Toyota көліктерінде тағы ақаулар анықталды
Toyota иелері тағы да қиындыққа тап болды. Бұл жолы АҚШ-та танымал жол талғамайтын көліктер мен пикаптар сервистік науқан аясында кері қайтарылуда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Себептері әртүрлі: бағдарламалық қамтылымдағы қателік және кардандағы ақау. Carscoops.com басылымы қай модельдерге қауіп төніп тұрғанын және иелеріне не істеу керегін хабарлады.
Қай модельдер кері қайтарылады?
Қазіргі уақытта компания екі бөлек науқан жариялады, олар шамамен 400 мың көлікті қамтиды.
Негізгі бөлігі – 2023-2025 жылдары шығарылған Toyota Tundra және Sequoia (394 мың авто).
Екінші науқан – 2025 жылғы шамамен 6 мың толық жетекті Toyota Tacoma пикаптарына қатысты.
Артқы камерадағы мәселе
Tundra мен Sequoia модельдерінде бағдарламалық қателік анықталды: артқа жылжыту кезінде мультимедиа экраны (14 дюйм) кейде жасыл немесе қара түске боялып, камера бейнесі көрінбей қалады. Бұл АҚШ-тың қауіпсіздік стандарттарына қайшы және шектеулі көріну жағдайында соқтығысу қаупін арттырады.
Мәселе жаңа бағдарламалық нұсқаны орнату арқылы шешіледі. Дилерлік орталықтар жаңартуды тегін жасайды.
Кардан білігіндегі ақау
Толық жетекті Toyota Tacoma үлгілерінде алдыңғы кардан білігіне сапасыз бөлшек орнатылғаны анықталды. Бұл жүріс кезінде оның майысуына немесе сынып кетуіне әкелуі мүмкін. Ең қауіптісі – көлік «паркинг» режимінде тұрса да қозғалып кетуі ықтимал. Сондай-ақ басқарылуы күрт нашарлайды.
Иелеріне қараша айынан бастап хабарламалар жіберіледі. Егер көлік білігі «брак партиясынан» шыққаны анықталса, оны тегін ауыстырып береді.
Мамандар не дейді?
Жүргізушілерге ресми хабарламаны күтіп, мүмкіндігінше тезірек тегін жөндеуге жазылу ұсынылады. Екі ақау да жасырын қауіп төндіреді және бірден байқала бермейді.
Ал қолданыстағы көлік сатып алатындарға VIN-код арқылы шақырту тарихын тексеруге кеңес беріледі – бұл күтпеген жағдайдан сақтайды.
Айта кетейік, қыркүйектің ортасында Toyota тағы 600 мың көлікті қайтарып алған болатын. Ол кезде жол үстінде сандық аспаптар панелінен ақау шығуы мүмкіндігі айтылған.

