Жаңалықтар

Тойдың дайындығы мен жаттығуды қатар алып жүрдім - Нұрсұлу Ералиева

Тойдың дайындығы мен жаттығуды қатар алып жүрдім - Нұрсұлу Ералиева
Фото: Коллаж El.kz 13.11.2023 14:55 29757

Астанада дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күнінде әйелдер арасында  52 келіде Жетісу облысынан келген Нұрсұлу Ералиева чемпион атанды. Ол финалда халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген Ғалия Тынбаеваны жеңіп кетті. Бұл күтпеген нәтиже болатын. Бір апта бұрын тұрмысқа шығып, бірден алтын медаль алған спортшымен аз-кем сұхбаттасып үлгердік.

El.kz:Нұрсұлу, жеңіс құтты болсын! Финалда көпшілік Ғалияны фаворит санады. Тәжірибелі қарсыласынның осал тұсын қалай таптың?

Нұрсұлу Ералиева: Рахмет. Ғалия жақсы спортшы. Әлемдік додаларда күресіп жүргенін көрген боларсыздар. Мен өзімнің екі сүйікті әдісім бар. Соны қолдандым. Екеуі де сәтті шығып, жеңісті жұлып алдым. Екі вазари ипонға ұласып, таза жеңдім.

El.kz:Алдағы жоспар қандай?

Нұрсұлу Ералиева: Өздеріңіз білесіздер, Спортты дамыту дирекциясы бар. Ел чемпионы ретінде штаттық құрамалар командасына кіруім қажет. Сосын әрі қарай еңбек ететін боламыз.

El.kz:Халықаралық жарыстарға көп шықпаған соң, рейтингте ұпай жоқ шығар...

Нұрсұлу Ералиева: Ақтауда дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ашық Азия кубогы өтті. Сол жерде күміс жүлдемен ұпай еншіледім. Аз да болса жиналып жатыр.

El.kz:Жақында тұрмысқа шыққан екенсіз. Жолдасыңыз да спортшы ма?

Нұрсұлу Ералиева: Иә, осыдан бір апта шаңырақ көтеріп, тойымыз өтті. Жолдасым да дзюдошы. Екеуіміз де ел чемпионатына бірге келдік. Ол 81 келіде күреседі?

El.kz:Құпия болмаса есімі кім?

Нұрсұлу Ералиева: Ерсұлтан Тұрдығұлов. Мен секілді Жетісу облысының атынан күреседі.

El.kz:Салмақ ауыстыру ойыңызда жоқ па?

Нұрсұлу Ералиева:Жоқ, 52 келі өз салмағым. Әзірге проблема жоқ, осы салмақта күресе беремін.

El.kz: Қарсыластарыңыздан кімді ерекше атап өтесіз?

Нұрсұлу Ералиева: Ғалия Тынбаева, Толғанай Әбеуова, Құндыз Жылқышбай бар. Сосын жастар өсіп келеді.

El.kz: Қандай мәселелер бар?

Нұрсұлу Ералиева: Барлығы жақсы, витамин жеткілікті. Жеке бапкерім – Сәрсенбек Шарапиев біз үшін бәрі істеп жүр. Аянып қалған кезі жоқ.

El.kz: Өзіңіз қай жерде дайындаласыз?

Нұрсұлу Ералиева: Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында жаттығу жасаймын.

Айта кетейік, 23 жастағы спортшы бұған дейін 2020 жылы да Қазақстан чемпионы атанған. Финалда ол кезде өте тәжірибелі маңғыстаулық Анна Казюлинаны ұтқан. 2021 жылы Будапешттегі әлем чемпионатына қатысқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға