Төтенше жағдайдан кейін баспана алу тәртібі қалай өзгереді?
Қазақстанда төтенше жағдай салдарынан үйсіз қалған азаматтарға көмек көрсету рәсімі өзгерді. Жаңа ережелер Индустрия және құрылыс министрлігінің 2025 жылғы 4 қарашадағы бұйрығымен бекітілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жаңартылған тәртіпке сәйкес, төтенше жағдай кезінде баспанасын жоғалтқан тұрғындар оқиға болған өңірдің әкімдігіне барып өтініш беруі тиіс. Өтінішке мына құжаттар қоса тапсырылады:
Жеке куәліктің көшірмесі, тұрғын үй иесінің немесе сенімхат иесінің өтініші, үйдің кадастрлық паспорты, жер теліміне құқық белгілейтін құжат, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясынан алынған жылжымайтын мүлікке қатысты анықтама.
Егер азаматтың үйге меншік құқығын растайтын құжаттары жоғалған болса, меншік фактісі басқа деректер арқылы дәлелденуі мүмкін. Бұл ретте «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясының спутниктік мәліметтері, әлеуметтік қорғау, ішкі істер, денсаулық сақтау, білім беру органдарының немесе коммуналдық қызметтер базасының деректері пайдаланылуы мүмкін.
Зардап шеккен тұрғын үйлердің техникалық жағдайын анықтау арнайы зерттеу қағидаларына сай жүргізіледі. Мұндай жұмыстар жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады.
Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың бірыңғай тізімі өтініштер негізінде жасалады. Өтініш қабылдау төтенше жағдай жарияланған күннен бастап екі ай ішінде жүзеге асырылады. Тізімдер ай сайын екі рет жергілікті атқарушы органның ресми сайтында және өңірлік БАҚ-та жарияланып отырады.
Тізім толық қалыптасқан соң екі күн ішінде тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссия құрылады. Комиссия бес жұмыс күні ішінде әр өтінішті қарап, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана беру немесе бас тарту туралы шешім шығарады. Құжаттардың толық болмауы немесе жалған мәлімет беру - бас тартуға негіз бола алады.
Тұрғын үй құрылысы мен сатып алу жұмыстары бюджет және басқа да қаржы көздері есебінен жүзеге асырылады. Егер жаңа үйдің ауданы немесе құны типтік жобада көрсетілген мөлшерден артық болса, қосымша шығындар бюджеттен тыс қаражат арқылы өтеледі.
Сондай-ақ зардап шеккен азаматтарға комиссия бекіткен елді мекендер шегінде өз бетімен тұрғын үй таңдау құқығы беріледі. Бұл жағдайда таңдалған үйді жергілікті әкімдік сатып алып, заңнамаға сай азаматтың атына рәсімдейді. Алайда сатып алынатын үйдің құны бекітілген типтік жобадан аспауы қажет.
Комиссия шешім қабылдағаннан кейін он күнтізбелік күн ішінде тұрғын үй алған азаматтардың тізімі әкімдік сайты мен жергілікті БАҚ-та жарияланады.
Жаңа қағидалар 2025 жылдың 18 қарашасынан бастап қолданысқа енгізіледі.

