Жаңалықтар

Төтенше жағдай министрлігінің жаңа әскери бөлімі құрылды

Төтенше жағдай министрлігінің жаңа әскери бөлімі құрылды
Фото: gov.kz 13.02.2023 20:36 1646

Бүгінде адами факторлармен қатар, техногендік сипаттағы оқиғаларға байланысты қауіпсіздік мәселесі мен төтенше жағдайларға дер кезінде әрекет ету алдыңғы қатарға шығып отыр. Бұл туралы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов желідегі парақшасында жазды деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

"Қазір елімізде су тасқынына қарсы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ жаз мезгілі де жақындап келеді, яғни өрт қаупі де арта түседі. Түркия мен Сирияда болған жойқын жер сілкіністері мыңдаған адамның өмірін қиып, көпшілігі зардап шегіп, баспанасыз қалды. Бұл жағдай әр қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды. Қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтамын, ал Түркия және Сирия халқына осынау қиын-қыстау кезеңде ауызбіршілік пен сабыр тілеймін. Сонымен қатар осындай қиын сәтте бауырлас түрік халқына қол ұшын созып, аса қауіпті жағдайда жұмыс істеп жүрген қазақстандық құтқарушыларға ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл оқиғалардың барлығы біздің әртүрлі жағдайларға дайын болу үшін жедел әрекет ету күштерін ұлғайтып, оларды тиісті жабдықтармен қамтамасыз ету ісіне аса көңіл бөлуімізді қажет етіп отыр.

Осыған байланысты ҚР Үкіметі «Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің кейбір мәселелері туралы» қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда ТЖМ-нің жаңа әскери бөлімі құрылуда. Ол Ақтөбе қаласында орналасады. Жаңа бөлімнің штаты – 880 адам", - деп жазды Премьер-Министр.

Оның атап өтуінше, республика бойынша ТЖМ-нің Шығыс Қазақстан, Алматы және Қарағанды облыстарында үш әскери бөлімі бар. Батыс аймақта көлемді құтқару құрылымдары жоқ.

Бұдан басқа, ТЖМ қызметтерінің штат саны, атап айтқанда, өрт сөндіру бөлімшелері 380 адамға, құтқару станциялары 220 адамға, Апаттар медицинасы орталығы 94 адамға, «Қазселденқорғау» мекемесі 39 адамға көбеюде.

Жалпы ТЖМ қатары 1 613 адаммен толықты.

"Осы шаралардың барлығы төтенше жағдайлар бойынша жедел әрекет ету деңгейін, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізудің тиімділігін, елдің өрт қауіпсіздігін, шұғыл медициналық көмек көрсетуді, сондай-ақ азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері мен селден қорғау құрылыстарының толыққанды жұмысын қамтамасыз етеді. Үкімет осы бағыттағы жұмысын жалғастырады. Біз жедел қызметтерді материалдық-техникалық жарақтандыру, құтқарушылардың еңбекақысын көтеру жөнінде шараларды одан әрі де қабылдаймыз. Әлемдегі тосын оқиғалар адамдардың қауіпсіздігі бәрінен де жоғары екенін көрсетіп отыр", - деп жазды Үкімет басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға