GOV.kz

Төрт облыста көлік қозғалысы шектелді

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы еліміздегі трассалардың қазіргі жағдайы туралы мәлімет таратты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

2025 жылғы 1 желтоқсанның таңында (07:15 шамасында) Алматы облысында ауа райының нашарлауына байланысты (қалың тұман, көрінудің төмендеуі) «Алматы - Талдықорған - Өскемен - Шемонаиха - РФ шекарасы» бағытындағы жолдың 25-тен 67-шақырымына дейінгі бөлігінде барлық көлік түрінің қозғалысына уақытша тыйым салынды.

Бұл учаскені 1 желтоқсанда сағат 10:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.

Бұған қоса, бұдан бұрын енгізілген бірқатар шектеулер әлі де алынған жоқ, төрт облыста қозғалыс әлі реттеліп отыр.

Ақмола облысы:

«Астана - Көкшетау (айналма) - Петропавл - РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу бекеті)» республикалық жолының 19-231-шақырымдарында барлық көлік үшін жылдамдық шектеуі 140-тан 110 км/сағ-қа түсірілді. Бұған себеп - ауа температурасының төмендеуі, көктайғақ және ұсақ қардың түсуі.

Солтүстік Қазақстан облысы:

«Тимирязево - Сарыкөл - облыс шекарасы» бағытының 0–30-шақырымында (Қостанай облысымен шекара - Тимирязево ауылы) көліктердің барлық санатына қозғалыс шектеулі күйінде қалып отыр.

Шығыс Қазақстан облысы:

«Өскемен - Алтай - Катонқарағай - Рахман қайнары» трассасының 46–66-шақырымында (Северное ауылы - Серебрянск қаласы) тіркемелі және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің жүрісі уақытша тоқтатылған. Шектеу әсіресе Осинов асуына қатысты.

Павлодар облысы:

«Астана - Шідерті - Павлодар - Успенка - РФ шекарасы» трассасында, Қалқаман ауылы маңында, барлық көлікке уақытша қозғалыс шектеуі қойылды.
Астанаға қарай қозғалыс «Қалқаман - Ақсу» айрығы арқылы (шамамен 6 шақырым), ал Павлодардан Қалқаманға қарай «Баянауыл» айрығы арқылы жүргізіліп жатыр.

Ауа райы болжамы

1 желтоқсанда Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарының жекелеген аумақтарында қар аралас жаңбыр мен қар күтіледі.

Хабарламада жүргізушілерге жылдамдықты асырмау, арақашықтықты сақтау және қолайсыз ауа райын ескеру жөнінде ескерту жасалған.