©Pixabay.com

Төрт күндік жұмыс аптасы: алғашқы нәтижелер қандай?

Зерттеушілер төрт күндік жұмыс аптасы бойынша жүргізілген алғашқы тәжірибенің нәтижесін жариялады. Мамандардың айтуынша, бұл формат қызметкерлерге де, бизнеске де тиімді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Соңғы бірнеше жылда Аустралия, Канада, Ирландия, Жаңа Зеландия, Ұлыбритания және АҚШ-тағы 141 компанияның қызметкерлері әдеттегі 5/2 жұмыс кестесінің орнына төрт күндік апта бойынша жұмыс істеп көрді. Олар жарты жыл бойы аптасына 40 сағаттың орнына 32 сағат еңбек етті. Көп жағдайда қызметкерлер үш күн демалып, кейбір компаниялар жұмыс уақытын өз қалауынша қайта бөлді. Сонымен қатар компаниялар қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп, жоспарсыз жиналыстар мен тиімсіз тапсырмаларды қысқартты.

Ғалымдар жаңа кестенің бизнеске, жұмыс нәтижесіне және адамдардың психологиялық жағдайына әсерін бақылады. Зерттеу авторлары бұл тәжірибенің сәтті өткенін айтып, мынадай оң нәтижелерді атап өтті:

Қызметкерлер арасында кәсіби күйзеліс (выгорание) азайды. Босап қалған уақытта дәрігерге бару, хобби мен отбасына көңіл бөлу мүмкіндігі артты, бұл олардың психикалық саулығын жақсартты.

Қызметкерлердің денсаулығы жақсарып, ұйқы сапасы артты, шаршау азайды.

Жұмыс өнімділігі жоғарылады, себебі қызметкерлердің жалпы жағдайы жақсарды. Көптеген компания табыстың артқанын байқады.

Айта кетсек, бұл төрт күндік жұмыс аптасына қатысты алғашқы тәжірибе емес. 2020 жылғы пандемиядан кейін Испания, Жапония, Бельгия, Польша және басқа да елдерде де ұқсас зерттеулер жүргізілген. Олардың нәтижелері де осыған ұқсас болған.

2023 жылы Қазақстанда да төрт күндік жұмыс аптасын тәжірибе ретінде енгізу жоспарланған еді, алайда ешбір компания бұл бастаманы қолдамады.

Бұған дейін «Жиі ауыратын қызметкерлер жұмыстан қуыла ма?» деген сауалға жауап іздеп көргенбіз.