Төрт баласы бар әйелдер 53 жаста зейнетке шығуы керек - депутат
Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева 4 бала тәрбиелеген аналардың зейнет жасын 53 жасқа дейін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол сонымен қатар көпбалалы отбасы мәртебесін өмір бойына бекітуді ұсынды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, 5 немесе одан көп бала туған, асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана 53 жасында зейнетке шығады.Біз 4 бала тәрбиелеп отырған әйелдердің зейнеткерлік жасын 53 жасқа дейін төмендетуді ұсынамыз, - деді депутат.
Ол сондай-ақ баланы 8 жасқа дейін тәрбиелеу міндеттемесін алып тастау мәселесін қарастыруды сұрады. Бұдан бөлек, оның пікірінше, «Неке және отбасы туралы» заңда көпбалалы отбасы мәртебесін өмір бойы бекіткен жөн. Себебі қазір көпбалалы отбасының тұңғышы 18 жасқа толғанда, бұл жанұя көпбалалы отбасы деген мәртебесінен айырылады деп айтты.
Тиісінше оларға көпбалалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы, қалған үш баласы кәмелетке толмаса да, төленбейді. Осыған байланысты біз 4 және одан да көп баласы бар ата-аналарға балалардың жасына қарамастан көпбалалыларға берілетін жәрдемақыны кенже бала кәмелетке толғанға дейін беруді қарастыруды ұсынамыз, - деді Гауһар Танашева.
Екіншіден, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар – еліміздің болашақ қорғаушылары. Бұл әскери қауіпсіздікке тікелей қатысты.қазіргі таңда көпбалалы отбасылардың саны 530 мыңнан асады. Елімізде кәмелетке толмаған балалардың жалпы саны – шамамен 6,5 миллион. Оның жартысынан көбі – көпбалалы отбасынан шыққан балалар, - дейді мәжілісмен.