Жаңалықтар

Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі - Кеңес Рақышев

Төрешілердің Азия ойындары тарихындағы ең әділетсіз шешімі - Кеңес Рақышев
Фото: ©Olympic.kz/Нұрғали ЖҰМАҒАЗЫ / Кеңес Рақышев 03.10.2023 17:35 15111

Қазақстан бокс федерация президенті Кеңес Рақышев Асланбек Шымбергеновтың жеңілуіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құрметті жанкүйерлер, әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының капитаны Асланбек Шымбергеновтың жартылай финалдық кездесуінде төрешілердің аса әділетсіз шешіміне қатысты өрескел оқиға орын алды. Шымбергенов бүкіл жекпе-жек бойы жапониялық Севон Оказаваны соққының астына алды. Жұдырықтары қарсыласқа дәл тиіп жатты. Барлық жағынан мықтырақ әрі басымырақ болды. Бірақ олар Шымбергеновтың қарсыласының қолын көтерді, - деді Кеңес Рақышев.

Оның айтуынша, Халықаралық Олимпиада комитеті IBA-дағы төрешілікке қатысты әрдайым шағым білдіріп келген еді, бірақ Ханчжоудағы Азия ойындарының жартылай финалында болған оқиға тым шектен шығып кетті. Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясы Азия ойындары бойынша ХОК төрешісіне өз талаптарын ресми түрде білдіреді. Бұл ретте турнирдің ең мықты боксшылары біздің былғары қолғап шеберлерімен бірдей жеребеге түсуі, жалпы жеребенің өткізілу реті, төрешілердің жұмысына сұрақтар туындатты. Ал жергілікті боксшыларға «қызыл кілем» төселді...

ХОК қамқорлығындағы турнирлерде төрешілер шешіміне наразылықтар мен шағымдарды беруге болмайды. Қазақстан - бокс державасы, бокстың көшбасшысы ретінде рингтегі мұндай әділетсіздік фактілерімен келісе алмайды. Мен өз тарапымнан Асланбек Шымбергеновке жеке қолдау білдіремін! Мұндай фактілер капитанымызды сындырмайды, еңсесін түсірмейді деп сенемін, және ол бокстан ең маңызды халықаралық турнирлерде Қазақстан Туын биікте желбіретеді деп ойлаймын!, - деді Кеңес Рақышев.

Айта кетейік, төрешілер жартылай финалда Асланбек Шымбергеновке жеңісті бермей қойғанын жазған едік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға