Ақорда

Тоқаев: Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанды құрудың басты алғышарты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Мемлекет басшысы құқық үстемдігі қоғамның өркендеуі үшін негізгі қағида екенін атап өтті.

Заң үстемдігін қамтамасыз ету – біздің стратегиямыздың ең маңызды қағидасы. Бұл – өркениетті және озық қоғамның басты өлшемі. Қоғамымызда заң мен тәртіп сақталмаса, ешқандай жетістік пен ілгерілеу болмайды, бұл – анық нәрсе, – деді президент.

Тоқаевтың айтуынша, заңды сыйлайтын ел қашан да берекелі болады.

Заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну ұлтымыздың қанына сіңіп, қасиетіне айналуы қажет, – деді ол.

Мемлекет басшысы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзін мысалға алып, қазіргі жағдайда оның өзектілігін атап өтті.

Сондықтан заңды қасақана бұзатын азаматтарға, қоғамдық тәртіпке және тұрақтылыққа кері әсер ететін әрекеттерге міндетті түрде құқықтық баға беріледі, – деді ол.

Президент жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға ерекше тоқталды. Оның пікірінше, заңды түсіндіру жұмыстары мектептен басталуы тиіс.

Мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбие жұмысын күшейту қажет. Балаларға заңдарды қарапайым тілмен түсіндірген абзал, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Тоқаев БАҚ пен әлеуметтік желілерде де құқықтық мәдениетті насихаттауды тапсырды.

Ата-ана, мектеп және мемлекет күш жұмылдырып, бала тәрбиесіне баса мән бергені жөн. Сонда ғана заңға бағынатын, өзінің де, өзгенің де құқығына құрметпен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз, – деді ол.

Қорытындылай келе, президент:

Заң мен тәртіп – Әділетті Қазақстанды құрудың басты алғышарты, – деп түйіндеді.