Жаңалықтар

Тоқаев Үкімет пен әкімдікке газдандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды

Тоқаев Үкімет пен әкімдікке газдандыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды
Фото: Ақорда 31.01.2023 17:01 896

Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы тұрақты электрмен жабдықтауды қамтамасыз ету және газдандыру мәселесіне тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

«Әкімдік жалпы қуаттылығы 700 мегаватт болатын қосалқы стансалардың құрылысын жеделдету қажет. Бюджеттен қомақты қаржы бөлінген қаланы газдандыру жұмыстары да қарқынмен жүріп жатыр. 

2019 жылы «Сарыарқа» газ құбырының бірінші кезегі аяқталды. Әкімдіктің міндеті – 300 мыңнан астам адам тұратын елді мекендерге газ тарту. Қазір тек 8 мың абонент қана газбен қамтамасыз етілді. Газдандырудың баяу қарқынына байланысты экология нашарлап жатыр - аязды күндері қаланы қалың түтін басады», деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ ол бұған дейін елорданы газдандыруды аяқтауды бірнеше рет тапсырғанын, бірақ оны орындау мерзімдері үнемі кейінге шегеріліп отыратынын атап өтті.

«Бұл жағдайды тез арада өзгерту керек. Үкімет пен әкімдік газдандыру жұмыстарын күшейтіп, мерзімінде аяқтауы қажет. Бұл ретте Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, елорданы қажетті көлемдегі газбен қамтамасыз ету мәселесін шешуі қажет. 

Сонымен қатар біздің азаматтар үшін газды қосудың өзі арзан емес (екі миллион теңгеге дейін). Ал бұл жағдай барлық аймақтарда қалыптасқан. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне Үкіметпен бірлесе отырып, халық үшін газды қосу бағасының ашық әрі түсінікті болуын қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын», деді Президент.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға