Ақорда

Тоқаев Ташкентке мемлекеттік сапармен барады

Ақорда Қазақстан президентінің 14-19 қарашаға арналған жоспарын жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

14 қараша күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтетін Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумына қатысады.

Жиын барысында аграрлық саланы дамытудың өзекті мәселелері талқыланады.

14-15 қараша күндері Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің шақыруымен Ташкентке мемлекеттік сапармен барады.

Мемлекеттер басшылары тет-а-тет форматында келіссөз жүргізеді, сондай-ақ президенттердің төрағалығымен Қазақстан-Өзбекстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің екінші отырысы өтеді.

16 қарашада президент Ташкентте өтетін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кездесуіне қатысады. 

17-19 қараша күндері Астанаға Эстония президенті Алар Карис мемлекеттік сапармен келеді. 

Ақордада мемлекеттер басшылары жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастық перспективасын талқылайды.