Тоқаев: Ресурстарға, инвестицияға, көлік логистикасына жаһандық бәсеке күшейе түсті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ресурстарға, инвестицияға, көлік логистикасы мен коммуникацияға қызу талас жүріп, жаһандық бәсеке күшейе түскенін тілге тиек етті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы халықаралық мәселелер мен оларды реттеу жолдары туралы, соның ішінде аймақтық құрылымдардың экономикалық және саяси түйткілдерді шешетін құдіреті жайлы бұрынғы пайым-түсініктер қазіргі аса күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы заманда тым әсіреленген, тіпті, аңғал көзқарас сияқты көрінетінін айтты.
Бізге әлемдегі оқиғалар және олардың ұлттық мүддемізге тигізетін әсері туралы кешенді талдау қажет. Бұл – құзырлы мекемелердің, ғалымдар мен саясаттанушылардың міндеті. Еліміз сындарлы диалог, белсенді дипломатиялық және сыртқы экономикалық қызмет арқылы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыта береді. Еуразия кеңістігіндегі және Орталық Азия аймағындағы ықпалдастық үдерістер әрдайым біздің басты назарымызда болады. Қазақстан түркі елдерінің ынтымақтастығын дамытуға өз үлесін қосады, - деді ол.
Президенттің сөзінше, еліміздегі мемлекеттік аппараттың сыртқы және ішкі саясатқа қатысты шешімдерінің бәрі популизмді және құбылмалы ахуалдарды емес, іргелі жалпыұлттық мүдделерді негізге алуы керек.
Мемлекеттік деңгейдегі әрбір шешімді қабылдар алдында оның мәні және салдары туралы жан-жақты талдау жасалуға тиіс. Халықаралық саммиттердің құжаттар арқылы талапқа сай бекітіліп, нақты міндеттемелер жүктейтін шешімдері қайта қаралмайтындықтан, әсіресе, сыртқы саясат саласына мұқият болған жөн,- деді Тоқаев.