Жаңалықтар

Тоқаев: Қазақстан спорт державасы болуға тиіс

Тоқаев: Қазақстан спорт державасы болуға тиіс
Фото: Akorda.kz 05.09.2023 22:36 928

Мемлекет басшысы Алматы облысындағы Республикалық олимпиадалық даярлық базасына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша:

  • Бүгінде атлетикалық манеж, мұз аренасын, көпфункционалды спорт залын, көркем және спорттық гимнастика залын, әкімшілік ғимараты мен қонақ үй салу жұмыстары аяқталды.
  • Сонымен қатар жүзу бассейнінің, жекпе-жек залының, спорттық атыс алаңының, трибуналары бар стадион мен садақ ататын орынның құрылысы аяқталып келеді.
  • Президент ТМД-дағы ең ірі спорт кешендерінің бірі саналатын инфрақұрылымды аралап көрді. Халықаралық стандарттарға сай бұл нысан 2300 спортшыға арналған.

Мемлекет басшысына аталған базаның бірегей ерекшелігі туралы айтылды:

  • Мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, емдеу-сауықтыру шараларын, халықаралық және республикалық жарыстар өткізуге арналған 9 жабық спорт ғимараты орналасқан.
  • Бұдан бөлек, жеңіл және ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, шағын футбол, шайбалы хоккей, коньки спорты, бокс, күрестің барлық түрлері, жекпе-жек өнері, су спортының түрлері, спорттық оқ ату, садақ ату  секілді спорттың 23 түрі бойынша олимпиадалық резерв пен ұлттық құрама командаларын даярлау жоспарланып отыр.
  • Президентке атлетикалық манеж бен спортшыларға арналған қонақ үй көрсетілді.

Президент бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту маңызды екенін атап өтті.

Қазір негізгі күш-жігерді Олимпиада мен Азия  ойындарына, сондай-ақ өзге де еуропалық, әлемдік деңгейдегі турнирлерге дайындалу үшін жұмсау керек. Қазақстан спорт державасы болуға тиіс. Сол үшін біз маңызды спорт  нысандарын салып жатырмыз. Қалашықтың спорттық әлеуетін арттыра беруіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы жас спортшыларға жаңа жеңістер тіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға