Тоқаев отандық фильмдерді сүзгіден өткізу керектігін айтты

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда отандық фильмдердің сапасына көңіл бөлуді тапсырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президент фильм түсіретіндер жағымсыз әрекеттерді насихаттамау керектігін баса айтты.
Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа, - деді ол.
Президент зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдердің көбейгенін, сондықтан сүзгі қажеттігін алға тартты.
Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн, - деді ол.
Мемлекет басшысы тарихи маңызы бар туындыларды көбейту керектігін айтты.
Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек, - деп қосты Тоқаев.
