Жаңалықтар

Тоқаев Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған факторларды атады

Тоқаев Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрған факторларды атады
Фото: Akorda.kz 15.09.2023 14:55 940

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысында баяндама жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біздің бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылғанына 30 жыл толды. Қор құрылғаннан бергі уақыт аралығында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды, - деді Тоқаев.

Президент жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұрғанын тілге тиек етті.

Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға кішірейген. Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады, - деді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға