Жаңалықтар

Тоқаев Гвинея-Бисау президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды

Тоқаев Гвинея-Бисау президентін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды
Фото: Ақорда 12.11.2024 17:53 614

БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі 29-шы конференциясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау президенті Умару Сисоку Эмбаломен кездесу өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президент Гвинея-Бисау елін Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі ел арасындағы достық байланыс пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан – ашық әрі бейбіт саясат ұстанатын және аймақтағы ең ірі экономикасы бар ел. Сондай-ақ ол қос мемлекеттің арасындағы серіктестіктің перспективасы мол деп санайды.

Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Гвинея-Бисау географиялық тұрғыдан қашық орналасқанына қарамастан, ауыл шаруашылығы, логистика және ақпараттық-коммуникациялық технология салаларында ықпалдастықты дамытуға мүмкіндігі бар.

Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало екіжақты қарым-қатынастың әлеуетін талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Умару Сисоку Эмбалоны өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға