Ақорда

Тоқаев: Әкім – халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші

Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтіп жатыр. Жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін айқындады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бүгінде еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды.

Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайызы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз, - деді Тоқаев.

Президент ауылдарды күшейту мәселесіне де тоқталды.

Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше.

Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек, - деп нақтылады ол.