Тоқаев: Адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі

 Ақорда
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында өткен салтанатты жиында сөз сөйлеп, ғылымның ел дамуындағы рөліне ерекше тоқталды.

Президент өз сөзін ғалымдарды кәсіби мерекесімен құттықтаудан бастап, ғылымның қоғамдағы орнына жоғары баға берді.

Ең алдымен, Ғылым қызметкерлері күні баршаңызға құтты болсын деймін. Бұл – еліміздің ғалымдар қауымына деген ерекше құрметі және айрықша ықыласының көрінісі. Себебі кез келген дамыған мемлекеттің қазығы – ғылым, ал қазынасы – ғалым, – деді мемлекет басшысы.

Ол ғылымның адамзат өркениетіндегі шешуші рөлін атап өтті.

Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі. Ғылымға басымдық беретін, ғалымын қадірлейтін ел ғана өркениеттің өріне шығады. Түптеп келгенде, адамзаттың барлық жетістігі – ғалымдардың зияткерлік еңбегінің жемісі, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жетістіктерге үлес қосып жүрген отандық ғалымдарға алғыс білдірді.

Сіздер ұлт сапасын арттыруға, халықтың әл-ауқатын жақсартуға мол үлес қосып келесіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді ол.

Президент ғылымды дамыту – елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты шарты екенін атап өтті.

Біз бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен ғылымды дамытып, жаңа технологияны, жасанды интеллектіні меңгеруіміз керек, – деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Тоқаев ғылым саласына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларына тоқталды.

Мен осы жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияладым. Соңғы бес жылда ғылымға бөлінетін қаржы көлемі алты еседен астам өсті. Қазақстанда зерттеу университеттерінің саны артып келеді, – деді ол.

Президент жас ғалымдарды қолдау мәселесіне де ерекше назар аударды.

Біз жас ғалымдар ғылыммен алаңсыз айналысуы үшін қолайлы жағдай жасауымыз қажет. Қазақ ғылымының болашағы – көзі ашық, ойы ұшқыр жастардың қолында, – деді ол.

Осы бағытта нақты шаралар қолға алынған.

Қазіргі таңда 600-ден астам жас ғалымға баспана берілді. Бұдан бөлек, оларға арнаулы гранттар бөлінуде. Жас зерттеушілер жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тәжірибе жинап жүр, – деді президент.

Мемлекет басшысы білімді әрі зерделі ұрпақ тәрбиелеу баршаға ортақ міндет екенін атап өтті.

Зерделі әрі зияткер ұрпақ тәрбиелеу – баршаға ортақ парыз. Оған мемлекет те, ата-аналар да бірдей жауапты, – деді ол.

Бұл ретте президент «Келешек» бірыңғай жинақтау жүйесінің маңызын атап өтті.

Қазірдің өзінде 200 мыңға жуық азамат арнайы есепшот ашты. Мұны болашаққа салынған ең ұтымды инвестиция деуге болады, – деді мемлекет басшысы.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев қолданбалы ғылымды дамыту мәселесіне тоқталды.

Еліміз үшін қолданбалы ғылымды дамыту – аса маңызды міндет. Басты мақсат – қаржыны игеру емес, қоғамға нақты пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру, – деп түйіндеді президент.

Оқи отырыңыз