TOP-5: Қазақстандағы ең үлкен көлдер
Қазақстанда алуан түрлі табиғи байлық бар. Соның ішінде сұлулығына көз тоймас көлдеріміздің жөні бөлек. Олардың әрқайсысы көлемімен, әсемдігімен, еліміздің экономикасы мен экожүйесі үшін маңызымен ерекшеленеді. Осы топтамада еліміздегі ең үлкен бес көл туралы ақпаратпен бөлісетін боламыз, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
5 орын. Зайсан көлі. Ауданы: 1830 км²
Еліміздің шығысында орналасқан Зайсан көлі біздің тізімде бесінші орынға орналасты. Көл 420 м биіктікте, ұзындығы 105 км, ені 22-48 км, максималды тереңдігі 15 м. Ертістегі Бұқтырма ГЭС құрылысына дейінгі көлдің ауданы 1830 км2 болады. Көлге Қытайдан бастау алатын Қара Ертіс құйып, Ертіс өзені ағып шығады. Зайсанға құятын өзендер таулы аймақтардан бастау алғандықтан, көл суы қармен және жаңбырмен толады. Зайсанда балықтың 20-дан астам түрі, ал, төңірегінде әртүрлі жабайы аңдар мекендейді.
4 орын. Арал теңізі. Ауданы: 2850 км² (Солтүстік Арал)
Арал - ағынсыз тұзды көл. 1960 жылы Арал теңізі шамамен 68 мың шаршы шақырым ауданды алып жатқан әлемдегі ең ірі төртінші көл болды.
ХХ ғасырдың 1960 жылдарынан бастап көлге құятын Әмудария мен Сырдария өзендерінен суару мақсатында қарқынды түрде су алу салдарынан сарқыла бастады. 1989 жылы Арал екі оқшауланған су қоймасына – Солтүстік (кіші) және Оңтүстік (үлкен) Арал теңізіне бөлінді. Бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізінің ауданы шамамен 2850 км2 құрайды.
3 орын. Алакөл көлі. Ауданы: 2890 км²
Алакөл Балқаш-Алакөл ойпатының шығыс бөлігінде, теңіз деңгейінен 343 метр биіктікте орналасқан. Ауданы шамамен 2890 км2. Алакөлдің суы ежелден өзінің емдік қасиеттерімен танымал. Оның құрамында йодтан басқа, Менделеев кестесіндегі барлық элементтер кездеседі. Атауына сәйкес, Алакөл бір күнде түсін бірнеше рет өзгертеді. Жел соқса – сұр, күн шықса – көк, ал жауын жауса – қызғылт түске айналады. Көлге Қатынсу, Үржар, Жаманөткел, Емелқұйса, Жаманты және Ырғайты өзендері құяды. Бірақ, көлден су ағып шықпайды, сондықтан, ол ағынсыз болып саналады.
2 орын. Балқаш көлі. Ауданы: 18583,1 км²
Қазақстанда көлемі бойынша екінші орында - еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан Балқаш көлі. 18583,1 км2 аумақты алып жатқан көл әлемдегі ең үлкен көлдер тізімінде 14-ші орында. Балқаш көлінің ерекшелігі жарты бөлігі тұзды, ал келесі жартысы тұщы. Көлге ағатын судың негізі Іле өзенінен келетін болғандықтан батыс бөлігінің суы тұщы, түсі сарғылт-сары, лайлы. Ал, шығыс бөлігінің суы тұздылау, түсі көгілдір, ашық көк. Балқашта 40-тан астам арал бар.
1 орын. Каспий теңізі. Ауданы: 390 000 км²
Каспий – Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі ең үлкен көл саналады. Жер шарындағы мұхитпен байланыспайтын ең үлкен ішкі су айдыны. Суы – тұзды. Ауданы шамамен 390,000 км2 және максималды тереңдігі 1025 метр. Әлемдегі барлық көл суының 40-44% Каспий теңізіне тиесілі. Оның жағалауында бес мемлекет: Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан орналасқан. Каспий теңізіне 130 – дан астам өзен құяды, олардың ішіндегі ең ірісі - Еділ.