ТОП-5 мамандық: болашақта қай кәсіп табысты болады?
Бүгінде әлем өте жылдам өзгеріп жатыр. Технология дамыған сайын еңбек нарығында да жаңа мамандықтар пайда болуда. Кейбір кәсіптер маңызын жоғалтса, кейбірі керісінше ерекше сұранысқа ие бола бастады. Сарапшылар алдағы он жылда ерекше қажет болатын топ-5 мамандықты атады.
Жасанды интеллект және деректермен жұмыс істейтін мамандар
Қазіргі кезде жасанды интеллект пен үлкен деректер көптеген саланың дамуына әсер етіп отыр. Банктер клиенттердің мінез-құлқын талдау үшін деректерді қолданады, медицинада ауруды ерте анықтау үшін арнайы алгоритмдер пайдаланылады, ал мемлекеттік басқаруда түрлі цифрлық платформалар арқылы шешім қабылдау кең таралып келеді. Сондықтан деректерді жинап, талдай алатын, сондай-ақ жасанды интеллект жүйелерін әзірлейтін мамандарға сұраныс жыл сайын өсіп жатыр. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары компаниялар өз жұмысын автоматтандыру үшін жасанды интеллект технологияларын көбірек енгізеді. Соған байланысты деректерді талдайтын мамандар, машиналық оқыту инженерлері және жасанды интеллект саласының мамандары еңбек нарығында ең қажет кадрлардың біріне айналады.
Оқи отырыңыз:
- Эмоциялық аштық: біз шынымен ашпыз ба, әлде күйзелісті «жеп» жүрміз бе?
- Қазақстан бойынша Ораза айт намазының кестесі жарияланды
- Миллиардер атану үшін қай спорт түрімен шұғылдану керек: үздіктердің табыс формуласы
Жаңа материалдар және болашақ индустрияның инженері
Өнеркәсіптің дамуы көбіне жаңа материалдардың жасалуына байланысты. Бүгінде әлемде жеңіл әрі берік қорытпалар, экологиялық таза материалдар және энергияны тиімді сақтайтын технологиялар белсенді зерттеліп жатыр. Мұндай жаңалықтар авиация, энергетика, құрылыс, медицина және экология салаларында кеңінен қолданылуда. Сарапшылардың айтуынша, болашақта химиялық технологиялар мен материалтану саласы өндірістің жаңа кезеңін қалыптастырады. Мысалы, жаңа аккумулятор материалдары электр көліктерінің дамуына мүмкіндік береді, ал табиғатқа зияны аз биоыдырайтын материалдар экологиялық мәселелерді шешуге көмектеседі. Қазақстанда да осы бағыттағы инженерлерге қажеттілік біртіндеп артып келеді.
Цифрлық жүйелер мен электроника инженерлері
Қазіргі әлемді цифрлық технологияларсыз елестету қиын. Байланыс желілері, дата-орталықтар, смарт-қалалар және автоматтандырылған өндіріс жүйелері электроника мен цифрлық технологиялардың дамуына негізделген. Бұл саладағы мамандар байланыс технологияларын, микрочиптерді, сенсорларды және түрлі электрондық жүйелерді әзірлейді. Олар телекоммуникация, көлік, энергетика және қауіпсіздік салаларында жұмыс істейді. Әсіресе «ақылды қала» жобалары, 5G байланысы, интернетке қосылған ақылды құрылғылар және өздігінен жүретін көліктер кең тараған сайын мұндай мамандарға сұраныс одан әрі арта береді.
Электр және компьютерлік инженерия мамандары
Электр және компьютерлік инженерия – қазіргі технологиялық дамудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл сала мамандары роботтарды, автоматтандырылған жүйелерді, микропроцессорларды және түрлі смарт құрылғыларды жасап шығарады. Бүгінде өндіріс орындарында роботтандыру кеңінен енгізіліп жатыр, медицинада заманауи медициналық құрылғылар пайда болуда, ал дрондар мен автономды көліктер күнделікті өмірге біртіндеп еніп келеді. Осындай технологиялардың дамуына электр және компьютерлік инженерлер үлкен үлес қосады. Сондықтан бұл бағыттағы мамандар технологиялық компаниялар үшін ең қажетті кадрлардың қатарында саналады.
Экономист-аналитиктер
Әлемдік экономика да үлкен өзгерістерді бастан өткеріп жатыр. Қазір көптеген шешімдер нақты деректер мен талдауға негізделеді. Компаниялар мен мемлекеттер экономикалық жағдайды болжау, нарықтағы өзгерістерді талдау және тәуекелдерді алдын ала анықтау үшін аналитикалық әдістерді пайдаланады. Экономист-аналитиктер экономикалық үрдістерді зерттеп, түрлі деректерге сүйене отырып болашаққа болжам жасайды. Мұндай мамандар банктерде, халықаралық ұйымдарда, консалтингтік компанияларда және мемлекеттік мекемелерде аса қажет. Бүгінде экономика мен деректерді талдау саласын қатар меңгерген мамандар ерекше бағаланады.

