Жаңалықтар

Токио Олимпиадасына кімдер барады?

Тамыз айының үшінші жексенбісі – Қазақстанда спорт күні
Токио Олимпиадасына кімдер барады?
14.08.2020 18:39 6888

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығына сәйкес тамыз айының үшінші жексенбісі Қазақстанда Спорт күні ретінде аталып өтеді. Бұл елімізде бұқаралық спорт қозғалысын одан әрі дамытып, ел жастарын ынталандыру мақсатында жасалған қадам екеніне дау жоқ.

Спорт соңғы уақыттары Қазақстанда жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Бізден шыққан спортшылар әлемдік ойындарда алдына қара салмай, үздік атанып жүр. Еліміз өз алдына тәуелсіздік алғалы жазғы және қысқы Олимпиаданың бірнешеуіне қатысып, жалпы 16 спортшымыз алтыннан алқа таққан. Күміс пен қола медаль еншілегендері қаншама.

Токио Олимпиадасына кімдер барады?

Олимпиада демекші, 2020 жылға жоспарланған Токио Олимпиадасы әлемді дүрліктірген пандемия кесірінен келесі жылға қалдырылды. Ол 2021 жылдың 23 шілдесі мен 8 тамыз аралығына жоспарланып отыр. ХХХІІ жазғы ойындарда 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа түспек. Бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорттық құзға өрмелеу және скейтбординг секілді бес спорт түрі қосылды. 206 Ұлттық Олимпиада комитетінен жалпы алғанда 11 мыңнан аса спортшы медаль үшін бақ сынамақ. Оның 49%-ы әйелдер болуы гендерлік тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік бермек.

Осы орайда, Қазақстаннан бүгінге дейін Олимпиада жолдамасын еншілеген спортшылар тізімін ұсынсақ. Оның ішінде кей спорттан бірінші рет жерлестеріміз Олимпиадада Қазақстан намысын қорғайтын болады.

Токио Олимпиадасына кімдер барады?

Юрий Юрков – Катардың Доха қаласында өткен нысана көздеу бойынша Азия чемпионатында үш позициядан (50 метр) шағын калибрлі мылтықтан ату бойынша 6-орыннан көрінген болатын. Бұл көрсеткіш мергеннің Олимпиада лицензиясын еншілеуге кедергі келтірген жоқ.

Сәрсенкүл Рысбекова – Дохада өткен Азия чемпионатында стенд атудан күміс медаль еншілеп, Олимпиада жолдамасын қалтаға басты.

Елена Потапенко және  Павел Ильяшенко. Қытайдың Ухань қаласында қазіргі бессайыстан лицензиялық Азия чемпионатында Елена Потапенко 12-орыннан көрініп, төрт жылда бір келетін айтулы турнирдің жолдамасына иелік етті. Олимпиададағы іріктеу ережесіне сәйкес құрлықтық бәсекеде 5 жолдама сарапқа салынған болатын. Бір қызығы, әр елден тек бір спортшы ғана сол лицензияны еншілей алады. Оңтүстік Кореяның төрт, Жапония мен Қытайдың үш, Өзбекстанның бір спортшысы Еленаның алдын орап кеткен еді. Десе де, бесінші жолдама жерлесімізге бұйырды. Ал Павел Ильяшенко төртінші орыннан көрініп, Токиода жалауы желбірейтін Олимпиадаға баратын болды.

Токио Олимпиадасына кімдер барады?

Ришат Хайбуллин Олимпиадаға енген жаңа спорт түрі құзға өрмелеу бойынша сынға түседі. Ол 2019 жылы өткен әлем чемпионатында финалға өтіп, бірден Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін жолдамаға ие болды.

Дмитрий Баландин – 200 метр қашықтықта брасс әдісі бойынша Олимпиада шыңын бағындырған спортшы. Ол Токиода брасс әдісі бойынша 100 және 200 метр қашықтықта бақ сынайтын болады.

Виталий Худяков Кувейтте өткен Азия біріншілігінде ашық суда жүзуде екі рет жеңіске жетіп, айтулы доданың лицензиясына қол жеткізген болатын.

Токио Олимпиадасына кімдер барады?

Синхронды жүзуден апалы-сіңілі Александра және Екатерина Немичтер Кванджуда өткен 2019 жылғы әлем сынының қорытындысы бойынша Олимпиада жолдамасын олжалады. Жалпы, дуэттерді Олимпиадаға іріктеу бірнеше тәсіл бойынша жүзеге асады. Алғашқы ондықты қорытындылаған мемлекеттердің спортшылары автоматты түрде лицензияға иелік етеді. Одан кейінгі бес жолдама әр құрлықта жоғары орындарда тұрған командаларға үлестіріледі. Осылайша, Азиядан Қазақстан, Африкадан Оңтүстік Африка Республикасы, Океания аймағынан Жаңа Зеландия спортшылары күншығыс елінде өтетін айтулы сынға баруға мүмкіндік алды.

Милад Карими Германияның Штутгарт қаласында болған спорттық гимнастикадан 49-шы лицензиялық әлем чемпионатында финалға жолдама алған еді. Финалға өткен барлық спортшылар бірден Олимпиада жолдамасын қоржынға салады.

Эльмира Сыздықова мен Валентина Исламовалар еркін күрестен қыздар арасында өткен әлем чемпионатында әртүрлі салмақта жолдаманы жеңіп алды.

Токио Олимпиадасына кімдер барады?

Асхат Ділмұхамедов пен Мейрамбек Айнағұлов 66 және 77 келі салмақта грек-рим күресінен Әлем чемпионатының жартылай финалына жетіп, жолдамаға иелік етті.

Сол сияқты өткен жылы күрестен Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем чемпионатында Әлішер Ерғали, Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков пен Данияр Қайсанов жартылай финалға жеткендері үшін Олимпиадаға бару мүмкіндігіне ие болды. Айта кету керек, өз жерімізде болған байрақты бәсекеде ешбір жерлесіміз отандастарын қуантып, алтын жүлде сыйлай алмады.

Тас жолдағы велоспорттан Қазақстан командасы Олимпиадаға үш жолдама жеңіп алған. Дүниежүзілік рейтингтің қортынды нәтижесі бойынша бізге үш квота тиесілі. Ол рейтингте қазақстандық спортшылар 3259,35 ұпаймен 19-орынға тұрақтаған. Іріктеу ережесі бойынша бұл нәтиже айтулы додаға үш спортшыны жіберуге мүмкіндік береді. Сол секілді, 2004 жылдан бері біздің команда топтық сынға да жолдама алып жүр. Тағы айта кетерлігі, квота жекелеген спортшыларға емес, командаға беріледі.

Токио Олимпиадасына кімдер барады?

Денис Ганькин, Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин – садақ атудан Әлем Кубогы, Азия Кубогы және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері. Спортшылар жекелей де, командамен де сынға түсетін болады.

Ольга Рыпакова – үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы, Токиодадағы дода спортшы үшін төртінші Олимпиадасы болмақ.

Георгий Шейко – Азия чемпионатында 20 шақырым қашықтықтағы спорттық жүрістен күміс медаль еншілеген спортшы. Осы жүлдесі оны тікелей Токио Олимпиадасына жетелеп отыр.

Токио Олимпиадасына кімдер барады?

Бокстан Қазақстан ерлер құрамасы 8 жолдаманы жеңіп алса, әйелдер арасынан тек бір лицензия алуға мүмкіндік туды. Әрине, жолдаманы сарапқа салатын турнирлер әлі аяқталған жоқ. Сонымен бокстан Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Василий Левит (91 келі), Зәкір Сафуллин (63 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Серік Теміржанов (57 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі)(Қамшыбек жақында кәсіпқой боксқа кететінін мәлімдеген еді, нақты Токио Олимпиадасына қатысу-қатыспауы белгісіз) жолдама алса, қыздар арасынан 75 келі салмақта өнер көрсететін Надежда Рябец лицензияны жеңіп алды.

Еске сала кетейік, Қазақстан ауыр атлетикадан екі спортшыны Олимпиадаға жібере алады.

Жалпы, Қазақстан құрамасы Токио Олимпиадасына 100-ден астам жолдама алуды көздеген. Пандемия кесірінен Олимпиадаға іріктеу жарыстары шектетіліп қалғанын ескерсек, ел спортшыларының лицензия алуға деген мүмкіндіктері сақталып отыр.

Бөлісу:
(Суреттер olympic.kz сайтынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға