Токио мен Алматы арасында тікелей әуе рейсі ашылады
Air Astana әуе компаниясы 2026 жылдың наурызынан бастап Токио — Алматы бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын іске қоспақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, бағыттың алғашқы жылында Жапониядан 7 мыңға дейін турист келуі мүмкін.
Жаңалық жапониялық ірі туроператорлар мен қазақстандық туризм саласының өкілдері арасындағы кездесуде жария етілді. Шараға Токиодан келген 10 жетекші туроператор қатысты. Олар мәдени және табиғи бағыттардан бастап, премиум демалыс пен іскерлік туризм (MICE) саласын қамтиды.
Кездесу барысында тараптар бірлескен бағдарламаларды дамыту, туристік өнімдерді ілгерілету және Алматыны жапон саяхатшылары үшін «Шығыстың тартымды орталығы» ретінде таныту мәселелерін талқылады.
Жапон делегациясы әсіресе Тянь-Шань тауларына, Шымбұлақ тау-шаңғы курортына, Шарын шатқалына және дәстүрлі қазақ асханасына ерекше қызығушылық танытты.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Токио – Алматы тікелей рейсінің ашылуы Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени және экономикалық байланысты нығайтып, екі елдің туризм саласын жаңа деңгейге көтереді.

