Жаңалықтар

Тоғыз жылда алғаш рет: қазақстандық семсерлесуші Азия чемпионы атанды

Тоғыз жылда алғаш рет: қазақстандық семсерлесуші Азия чемпионы атанды
Фото: ҚР ҰОК 27.06.2024 23:14 2662

Кувейтте өтіп жатқан семсерлесуден Азия чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін сәтті жалғасуда. Бүгінге дейін біздің команда спортшылары 1 алтын және 2 қола медаль жеңіп алды. Бұл туралы Olympic.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шпагадан ерлер арасындағы жекелей сында Ерлік Сертай қола медаль иеленсе, саблядан командалық жарыста Қазақстан ерлер құрамасы үздік үштікті тұйықтады.

Ал шпагадан ерлер арасындағы командалық бәсекеде Қазақстан араға 9 жыл салып, Азия чемпионы атанды.

Шпагадан Қазақстан ерлер құрамасы өз тарихындағы ең сәтті маусымын өткізіп жатыр. Әлем кубогі кезеңдерінде жүлдеге ілігіп, Азия ойындарында финалға жетіп, Париж Олимпиадасына жолдама алған төрттіктің еншісінде енді құрлық додасының алтын медалі де бар. Ерлік Сертай, Эльмир Алимжанов, Руслан Курбанов пен Вадим Шарлаимовтан құралған команда Кувейт төрінде көк байрағымызды көтеріп, әнұранымызды шарықтатты. 

Биылғы Азия чемпионатындағы жеңістің басты артықшылығы – құрлықтағы ең басты қарсыластың бірі, әлем үздіктері және қазіргі Олимпиада чемпиондары Жапония құрамасынан басым түскеніміз. Кувейттегі турнирде шпагашылар азулы Өзбекстан және Гонконг командаларын да жеңіп кетті. 

Соңғы рет біз 2015 жылы Азия чемпионы атандық. Сол кездегі құрамда Руслан Курбанов екеуміз болғанбыз. Ал биыл командадағы екі ойыншымыз өзгерді. Осылайша, тоғыз жылдан соң алтын медаль бізге, біздің командаға, Қазақстанға қайта оралды. Осы маусым біздің команда тарихындағы ең сәтті кезеңдердің бірі. Азия чемпионатының алтын медалі тартысты әрі табысты маусымның тағы бір дәлелі.

Енді біз Париж Олимпиадасында осы биігімізден түспеуге  тырысамыз. Бұл чемпиондық атақ біздің әлемдік рейтингтегі жағдайымызды жақсарта түсті. Қазір Қазақстан командасы әлемдік рейтингте төртінші орында тұр. Ал рейтингте мейлінше жоғары болу арқылы Олимпиада  жеребесінің сәтті түсуіне жол ашамыз. Одан бөлек, бұл біздің әлемдегі мықты командалардың бірі екенімізді көрсетеді.

Жапония құрамасына келер болсам, бұл әлемдегі үздік командалардың бірі. Олимпиада чемпионы деген атақтың өзі не тұрады? Біз биылғы маусымда жапондармен бес рет кездесіп, соңғы екеуінде жеңіске жеттік.  Шыны керек, бұл жеңіс бізге үлкен сенім сыйлап отыр. Сондықтан, әлемдегі барлық қарсыластар бізбен санасады деп ойлаймын.

Қазір бізді Испанияда өтетін үлкен жаттығу жиыны күтіп тұр. Содан соң, Парижге жол тартамыз, - дейді команда капитаны Эльмир Алимжанов. 

Шпагадан ерлер арасындағы жекелей сында Ерлік Сертай өз мансабындағы тұңғыш ірі медалін – қола жүлдесін жеңіп алды.

Бұл менің ересектер чемпионатындағы алғашқы медалім. Азия біріншілігі маған эмоционалды және психологиялық тұрғыдан айтарлықтай қиын болды. Әсіресе, бар күшіңді бірден сарп етпей, ең соңына дейін үнемдеп жұмсау оңай болмады.

Жарыс нәтижесі өте маңызды болғандықтан, бұл жеңістің құны мен үшін алтын медальмен бірдей. Қандай медаль алғанымнан емес, қалай семсерлескенімнен ерекше ләззат алдым, - дейді алғашқы сезімдерін бөліскен спортшы. 

Турнир барысында Ерлік Сертай Иран, Ирак, Қытай және Қазақстан өкілдерімен кездесті. Жартылай финалда гонконгтық спортшыға есе жіберді.

Саблямен семсерлесуден Қазақстан ерлер командасы да Азия үздіктерінің қатарына сеніммен кірді. Турнирдің негізгі айналымында біздің команда Өзбекстан мен Жапонияны жеңіп, жартылай финалда Иранға жол берді. 

Құрлық додасында Бақдәулет Құралбекұлы, Артем Саркасян, Саттархан Назарбай, Жанат Нәбиевтер ел намысын қорғаған. 

Айта кетелік, Париж Олимпиадасында шпагадан Қазақстан ерлер құрамасы мен сабляшы Айгерім Сарыбай сынға түседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға