fckairat.com

«Тобыл» бес гол соғып, «Қайрат» сырт алаңда жеңіске жетті

31.05.2025 06:25

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының 11-туры ойындарының алғашқы жарыс күні аяқталды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Астанада «Жеңіс» пен «Ордабасы» тең тарқасты (2:2). Қостанайда «Тобыл» 5:0 есебімен «Атырауды» ойсырата жеңді. «Астана» сырт алаңда «Елімайға» еш мүмкіндік қалдырған жоқ (0:2).

Турдың орталық ойыны Ақтөбеде өтті. Жергілікті «Ақтөбе» Алматыдан келген «Қайратты» қабылдаған. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін жас футболшы Аян Байдәулетов «Ақтөбені» алға шығарды. Сонан соң төреші «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Валерий Громыконы алаңнан қуып, бас бапкер Рафаэль Уразбахтинге де қызыл қағаз көрсетті.

Бірақ одан «Қайрат» тоқтап қалған жоқ. Алдымен 75-минутта Александр Мартынович есепті теңестірсе, ойынның аяқталуына санаулы минуттар қалғанда 16 жастағы Дастан Сәтпаев жеңіс голын соқты. Қорытынды есеп – 1:2.  Қатарынан үш матчта жеңілген «Қайрат» сәтсіз серияны аяқтады.