Жаңалықтар

«To be Estonian. Эстондық дәстүрлер» көрмесі

Көрмеде Астана тұрғындары мен қонақтары назарына эстондық заманауи сәнгерлердің этнофутуризм бағытындағы киім үлгілері ұсынылды.
26.02.2016 12:36 8433

Елордадағы «Құланшы» Қазіргі Заман Өнер Орталығында «To be Estonian. Эстондық дәстүрлер» атты көрмесі ашылды. Көрмеде Астана тұрғындары мен қонақтары назарына эстондық заманауи сәнгерлердің этнофутуризм бағытындағы киім үлгілері ұсынылды.

«To be Estonian. Эстондық дәстүрлер» көрмесі

Жиырмасыншы ғасырға дейін эстон әйелдері етек-жеңі ұзын көйлектер киіп келген.  Ұзын көйлекке салынған ою-өрнек қазақ халқының ою-өрнектеріне өте ұқсас. Дегенмен Батыстың сән үлгісі өз ықпалын тигізбей қоймады. Сәнгерлерге жаңа мүмкіндік алып келген жиырмасыншы ғасыр эстон сән әлемінің қайта жаңару заманы болып саналады.

Ұлттық сана-сезім мен дәстүрін берік ұстанған жұрт бұл өзгерістерден сүрінбей өткенін байқауға болады. Киімдерінде ұлттық нақышты өте талғаммен қолданған эстондық сәнгерлер көрмеге келушілердің көңілінен орын таба алды. Өйткені, қазақ халқы да өзінің ою-өрнектерін, ұлттық киімдерін мақтан тұтады және тарихпен сабақтасып жатқан бұл құндылықтардың сақталып қалуына үлкен жұмыс атқарылып келеді.

«To be Estonian. Эстондық дәстүрлер» көрмесі

Экспозицияда көрме тәлімгері Ану Хинт жасаған фотосуреттер ұсынылды. Бұл суреттерде көрсетілімге қойылған киімдер «нордтық минимализм» үлгісінде әрі сәнді, әрі қарапайым. 

Ану Хинт:  Бұл менің Қазақстанға алғашқы сапарым. Эстонияда тарихқа толы кішкентай ескі үйлер көп болса, сіздерде керісінше жаңа әрі зәулім сарайлар екен. Қазақстандық әйелдер өте сәнді, байлықтарын паш етіп тұрғандай әдемі киінетінін байқадым. Бұл да екі халықтың басты айырмашылығы деп түсіндім. Көрмеге келген адамдарға алғысымды айтқым келеді.

«To be Estonian. Эстондық дәстүрлер» көрмесі

Эстония Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі — Яан Рейнхольд:

Көрмеге келгендеріңізге алғыс айтамын. Эстондық көрме әлемнің түкпір-түкпірін шарлап, енді міне Астанаға да келіп қалды. Ұлттық киімдер біздің мәдениетіміздің үлкен құндылығы. Миллионға жуық қана халқы бар Эстонияның елуге тарта ұлттық киім үлгілері бар. Бұл көрмеге кәсіби дизайнерлерден бастап енді ғана сән әлеміне аяқ басқан талантты студенттердің жұмыстары қойылған.  Мен атқарылған шара үшін «Құланшы» Қазіргі Заман Өнер Орталығына үлкен алғысымды білдірем.

«To be Estonian. Эстондық дәстүрлер» көрмесі

Көрмеге: Мари Аакре, Диана Денисова, Катре Арула, Пирет Пуппарт, Кертту Сиплане, Моника Кисанд, Астра Мыйстлик, Трийну Пунгитс, Лийза Рийд, Лийс Плато, Айникки Эйскоп, Хели Киверик, Рийна Томберг, Кюллике Тувикене, Марле Лыхмус, Кюлли Кертту Сиплане, Ану Хинт, Рийна Томберг, Ксения Иоост, Хели Киверик, Юллэ Суурапуу, Лембе Мария Сивре секілді эстондық дизайнерлердің туындылары көрсетілді. 

Суреттердің толық нұсқасын мына селтемеден көр аласыз 


 Рустем ӘЛПИ

Суреттерді түсірген Нұрбек Әлманбетов 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға