Жаңалықтар

Тоғжанов: Табиғатқа зиян келтіруге жол бермеу керек

Мұның бәрі экотуризмнің дамып, аталған мәдениеттің халық арасында кеңінен таралып келе жатқанын байқатады.
Тоғжанов: Табиғатқа зиян келтіруге жол бермеу керек
12.07.2022 00:43 1104

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жұмыс сапары аясында ішкі туризмді дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Оған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері және туристік саланың бірқатар инвесторлары қатысты, деп хабарлайды EL.KZ.

Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Е. Тоғжанов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде туризмді дамыту қажеттігін атап өтті. Бүгінде Үкімет ішкі туризмнің өркендеуі үшін барлық жағдайды жасап жатыр.

Ұлттық парктердің көбі шоғырланған Алматы өңірі экотуризмді дамытудың негізгі бағыты екені анық. Бұған статистикалық деректер де дәлел. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Алматы кластерінің аумағындағы үш ұлттық паркке келушілер саны оның алдындағы жылдар көрсеткіштерінен асып түсті. 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша да ұлттық парктерге келушілер саны артқан. Мұның бәрі экотуризмнің дамып, аталған мәдениеттің халық арасында кеңінен таралып келе жатқанын байқатады. Сонымен қатар биоалуантүрлілікті сақтап, табиғат объектілеріне зиян келтіруге жол бермеу керек, — деп атап өтті вице-премьер.

Кеңес аясында ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев ел туризмінің негізгі көрсеткіштері туралы баяндады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 6,9 млн болды, бұл 2020 және 2019 жылдармен салыстырғанда рекордтық көрсеткіш болып отыр.

Біз әзірлеген eQonaq жүйесінде 6 мыңнан астам қолданушы тіркелген, олардың қатарында қонақ үйлер, туроператорлар және жеке тұлғалар бар. Жүйенің арқасында министрлік туристердің қайдан келетінін, олардың жасы мен жынысын, қанша уақыт тұратынын, олардың қандай маршрутты таңдайтынын біле алады. Бұдан бөлек, шетелдік азаматтың Қазақстанда неше рет болғанын және оның қалауларының қалай өзгергенін көруге болады.

Жалпы туризм жақсы дамып келеді. Шетелдік қонақтар саны артып келеді. Жыл соңына дейін елге 700 мыңға жуық шетелдік турист келеді. 28 елмен 107 бағыт бойынша халықаралық қатынастар қалпына келтірілді, сондай-ақ 77 елдің азаматтары үшін визасыз режим қалпына келтірілді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық парктерге барушылар саны 1,5 млн адам болды. 2022 жылдың соңына дейін ұлттық парктерге келушілердің санын 1,6 млн-ға дейін арттыру жоспарланып отыр.

Kids Go Free бағдарламасын іске асыру аясында тегін ұшқан 385 баланың әуе билеттерінің құнын өтеу үшін туроператорлардан 192 өтінім қаралды (08.07.2022 жылғы жағдай бойынша). Биыл 1 000-нан астам бала осы бағдарлама бойынша жазғы маусымда отбасымен бірге саяхаттамақ.

Осы жылдың соңына дейін негізгі капиталға түсетін инвестицияларды 708 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 31 мыңнан астам адам туризм саласына жұмысқа тартылған. Шетелдік туристер үшін туроператорларды субсидиялау, балалар әуе билетінің құны және СМУ-ды күтіп ұстау, тау шаңғысы жабдықтары мен туравтобустарды сатып алу, туристік және жол бойындағы қызмет көрсету нысандарына кеткен шығынды өтеп беру бойынша мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру басталды. Ішкі туризмді ілгерілету үшін NeoNomad акциялары ұйымдастырылып жатыр, ол ішкі туристерді еліміздің 20 өңірін аралауға ынталандырады.

Сондай-ақ кеңесте Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров сөз сөйледі. Ол қалалық әуежайға қосымша терминал салу арқылы туристер санын арттыру жоспарлары туралы айтты. Оған қоса, қаланың әлеуетін ескере отырып, MICE туризмін дамыту қажеттілігіне баса назар аударылды.

Алматы облысының әкімдігі ауыл шаруашылығы жерлерінің иелеріне туризммен айналысуды ұсынды. Жердің бастапқы мақсатын өзгертпей, оны осы салаға пайдалануға болады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі автомобиль көлік құралдарының ұлттық парктер аумағына кіруі үшін ақы алу процесін цифрландыруды ұсынды. Сондай-ақ ұлттық парктер аумағындағы инвестициялық жобаларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу мәселелері айтылды.

Кеңес барысында инвесторлар ұлттық парктерде жобаларды іске асыру туралы хабардар етті және экотуризмді дамыту бойынша ұсыныстар енгізді. Ералы Тоғжанов инвесторларға жан-жақты жауап беріп, оларға осы бағыттағы кездесулерді жиі өткізіп, мәселелерді талқылап, елдің ішкі туризмін дамыту мәселелері бойынша бірлесіп шешімдер қабылдауды ұсынды.

Кеңес қорытындысы бойынша вице-премьер мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге инвесторларға жәрдем көрсетіп, инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмысты жалғастыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға