Жаңалықтар

Тоқтар Әубәкіров: 18 жасым қайтып келсе, осы саланы қайта таңдар едім

Қазақтың тұңғыш ғарышкерімен кездесу
15.07.2016 11:45 9332

Бүгін елордадағы ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде жас ұшқыштар мен курсанттар ҚР Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен кездесті. Шараға әуе қорғанысы күштерінің ардагерлері де қатысты.

Тоқтар Әубәкіров: 18 жасым қайтып келсе, осы саланы қайта таңдар едім

Алдымен, үлкен экраннан Тоқтар Оңғарбайұлының қазірге дейінгі жетістіктерін баяндайтын бейнеролик көрсетілді. Онда кездесудің басты қонағының еңбек жолы, сынақшы-ұшқыш болған кезіндегі ерліктері мен ғарышқа сапары егжей-тегжейлі баяндалды. Одан соң, авиация саласының беделді генералдары мен генерал-майорлары Тоқтар Әубәкіровтің әскери салаға қосқан үлесі мен жеке қасиеттерін санамалай келіп, жастарға Отанға адал қызмет ететін осындай биік тұлғаларды үлгі ету керектігін айтты. Сонымен қатар, кездесуде сөз сөйлеген әскери қызметкерлер кезінде тұңғыш ғарышкердің көптеген жас ұшқыштарға шарапаты тигенін ризашылықпен баяндап, оған «өзінің сүйікті ісіне жан-тәнімен беріле кіріскен маман» деп баға берді.

Тоқтар Әубәкіров: 18 жасым қайтып келсе, осы саланы қайта таңдар едім

Ал, ҚР Халық қаһарманы, қазақтан шыққан үшінші ғарышкер Айдын Айымбетов Тоқтар ағасы екеуінің өмір жолында сәйкестіктер көп екенін қызықты баяндады. Ғарышкерлер бір күнде өмірге келіп, бір училищеде білім алған екен.

«Сәйкестіктер мұнымен бітпейді. Мен 1993 жылы жұмысқа өтініш беруге келгенде де, алдымнан Тоқтар аға шықты. Ең қызығы, мені қабылдаған комиссияның құрамында да осы кісі болды. Осындай ғажайып кісі екеуміздің тағдырымызда сәйкестіктер көп екені мені қуантады» деді Айдын Айымбетов.

Тоқтар Әубәкіров: 18 жасым қайтып келсе, осы саланы қайта таңдар едім

Шымкенттен келген жас ұшқыш Нұржан Маратбекұлы кештің басты қонағына өзінің айрықша алғысын білдіріп, «біз сіздің жерде және аспанда жеткен жетістіктеріңізге жеткіміз келеді» деді.

Ал, Тоқтар Әубәкіров өзін осындай жылы жүздесуге шақырған жандарға алғысын білдірді.

Тоқтар Әубәкіров: 18 жасым қайтып келсе, осы саланы қайта таңдар едім

«Қазір мен жетпістемін. Әрқашан аман-есен, жайраңдап жүру үшін маған осындай әдемі кездесулер ауадай қажет. Арманшыл жастармен кездесіп, пікірлескенде мен жасарып қаламын. Жастарға айтарым, кезінде біз сіздерге жағдай жасау үшін қаншама қиындықтан өттік. Мардымды жалақымыз, тамағымыз болмаса да, бойымыздағы энтузиазммен ҚР Қарулы күштерін құрдық.

Жас ұшқыштар күн сайын өздеріне жаңа мақсаттар қойып отыруы қажет. «Ұшақтың штурвалына отырдым, енді мен кереметпін» деп ойлаған адам қатты қателеседі. Адам өмір бойы өз білімін жетілдіруі тиіс. Оның үстіне, қазіргі заманауи ұшақтардың тілі қиын, техника күн сайын күрделеніп барады. Солардың тілін табу үшін күн сайын оқу керек. Кезінде менімен қатар небір талантты жігіттер оқыды. Өзінің талантына ғана сенген азаматтар көшке ілесе алмай қалды. Ал, ерінбей ізденген жастар кейін биік шыңдарды бағындырды. Аэродинамика мен ұшқыш ұғымдары егіз. Сіздер тіпті қызбен қыдырып жүргенде де, аэродинамика туралы ойлап жүрулеріңіз қажет. Себебі, оқулықтарға жүгінбей, техниканың қыр-сырына қанықпай, кәсіби маман бола алмайсыздар. Ұшақ басқаруыңызға көнбей жатқан кезде білімнің қадірін түсінесіздер.

Ел арасында маған «техника ғылымдарының докторы» деген дәреже ғарышқа ұшқаным үшін берілді деп ойлайтындар да бар шығар. Жоқ, олай емес, мен бұл дәрежеге өз еңбегіммен жеттім. Жоғары білімім бола тұра, оқуымды жалғастырдым. Мәскеуде оқып жүргенде отбасыммен бір бөлмелі пәтерде тұратынбыз. Үйде екі кішкентай балам болғандықтан, ваннада сабақ оқитынмын. Жуынатын бөлмеге арнайы құрып қойған ағаш үстелдің үстінде дәріс жазған дәптерлерім жататын» деді тұңғыш ғарышкер.

Тоқтар Әубәкіров: 18 жасым қайтып келсе, осы саланы қайта таңдар едім

Ғарышкердің пікірінше, сынақшы-ұшқыштың басты қасиеті – барлық жерде жауапкершілікті сезіну, өзіне және қызметіне адал болу. Ол сынақшы-ұшқыш сынаққа тыңғылықты дайындалмаған жағдайда өзі отырған ұшақты жасаған инженер, механик, құрастырушы сияқты мамандардың еңбегі зая кететінін түсінуі керектігін айтты:

 «Зор ықыласы бар болса, кез-келген адам  сынақшы-ұшқыш бола алады. Бұл қызметке келген адам өте сезімтал болуы тиіс. Уақыт өте келе, машинаны құдды өзіңнің денең сияқты сезіне бастайсың. Қиын сәттерде ұшақтан секіріп кеткің келетіні рас. Бірақ, артыңда сені ұшырған қаншама адамның еңбегі тұр ғой! 

Дегенмен, кезінде менің басымнан өткен жағдайлар тек маған ғана тиесілі. Сендер мен сияқты шешім қабылдамаңдар, шын мәнінде қауіпті сәттерде өздеріңнің өмірлеріңді сақтап қалыңдар! Авиация – ҚР Қарулы күштерінің ең қымбат саласы. Мұнда әрбір маманды дайындауға қыруар қаржы жұмсалады. Мұнда әрбір ұшқыштың өмірі қымбат».

Тоқтар Әубәкіров: 18 жасым қайтып келсе, осы саланы қайта таңдар едім

Жүздесуге қатысқан жас ұшқыштардың бірі ғарышкерге «сізге ғарышқа ұшу туралы ұсыныс бірнеше рет айтылғанын білеміз. Неліктен осындай маңызды ұсынысқа бірден келіспедіңіз?» деп сұрақ қойды. Оған Тоқтар Оңғарбайұлы былайша жауап берді:

«Бірінші рет маған бұл ұсыныс 1979 жылы айтылған. Ол кезде cынақшы-ұшқыш болып істеп жүргеніме небәрі үш жыл толған еді. Бастаған істі орта жолдан тастап кету – менің табиғатыма жат нәрсе. Сондықтан, бас тарттым. Тез жұлдыз болуға да ұмтылмадым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев маған қазақ халқынан бір адам ғарышқа ұшуы керектігін айтқанда, яки, үшінші рет ұсыныс айтылғанда келісімімді бердім».

Тоқтар Әубәкіров: 18 жасым қайтып келсе, осы саланы қайта таңдар едім

Кездесуде жастар Тоқтар Әубәкіровтің ең сүйікті ұшағы «МиГ-31» екенін білді. Ал, бір курсанттың «егер, сізге қайтадан өмір берілсе, осы өмірді таңдар ма едіңіз?» деген сұрағына ғарышкер «маған өзімнің 18 жасым қайта оралса, дәл осы саланы, осы өмірді таңдар едім» деп жауап қатты.

Тоқтар Әубәкіров: 18 жасым қайтып келсе, осы саланы қайта таңдар едім

АНЫҚТАМА

Тоқтар Әубәкіров – қазақ халқынан шыққан тұңғыш ғарышкер, әлемнің 256, Кеңес одағының 72-ғарышкері. Сондай-ақ, ол күллі түркі халықтарынан шыққан алғашқы ғарышкер ретінде танылған. Тоқтар Оңғарбайұлы әлемдегі ең үздік 10 cынақшы-ұшқыштың қатарына кіреді.

Мына жерден Тоқтар Әубәкіровтің el.kz сайтына берген сұхбатын оқи аласыздар!


Роза ӘРЕН

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға