«Титаник» трагедиясының жаңғырығы қазақ даласына қалай жетті?
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Титаник кемесінің суға батқаны сол кезеңде әлемді дүрсілкіндірген жаңалық болды. Алып кеменің суға кеткен жайлы алғашқы рет Еуропаның ең ауқымды «The New York Times», «Los Angeles Times», «London Daily Mail», «Tampa Daily Times» газет-журналдарында жарық көрді. Ресейдің «Санкт-Петербургские ведомости», «Огонёк» газет-журналдар да бұл хабарды бернеше күннен кейін көшіріп басты. Дегенмен қазақ даласына бұл хабар сәл кешірек жеткен болатын. Бұл туралы e-history.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Қазақ даласында қазақ баспасөзінің дамуы біршама кешуілдеді. Патша үкіметі басқарған «Түркістан уалаяты», «Дала уалаяты» газеттері үкіметтің нұсқауынан тыс хабарды басып, өзінше қызмет атқармайтын. Бірақ 1911 жылы Орал қаласында жарық көрген «Қазақстан» газеті алғашқы сандарынан бастап ақ, өзінің демократиялық көзқарасын білдіріп, әлем елдеріндегі жаңалықтарды қазақ тілінде хабарлай бастады. Газет Редакторы Елеусіз Бұйра, жазушылары Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ғұбайдолла Бердіұлы бастаған азаматтар газеттің еркіндігін, хабар таратудағы тәуелсіздігін қалыптасырған-ды. «Титаник» апаты жайлы хабар қазақ даласына алғаш рет осы «Қазақстан» газеті арқылы жетеді. 1912 жылы 24 сәуірде «Қазақстан» газетінің №11 санында «Деңізде болған уақиға» атты хабар жарияланады. Бұл хабарда «Титаник» апатын «Үлкен деңіздерде жер-жерден ағыб бөлек-бөлек мұз келіб жиналыб бұлтбен таласыб бір үлкен тау болыб тұрады. Оны «Мұз тауы» деб атайды. Егер сол мұз тауна деңіздені параходлар соғылса, пароходты екі айрыб су түбіне жіберді. Осы сәуір басында Американың «Титаник» деген бір парахоты бір үлкен деңіздегі мұз тауына соғылыб, һәләк болды. Үстінде екі мыңнан артық кісі бар екен. Сонан тек сегіз жүзден аз ғана артығырақ кісі аман қалған. Басқасы су түбіне кеткен. Құтылған кісілер кемедегі запас қайықға мініп құтылған. Оған бәрі сыймайтын болғансын елу қатын баларды мінгізген. Сонсын сыйғанша еркектер мінген. Бір-бір қатындар еріменен не болсам да бірге боламын деб қайықға мінбей суға батқан шамасы ері қайықға міне алмайтын болған», – деп баяндайды.
Бұл хабарда айтылғандай, «Титаник» кемесінің сыйымдылығы 2500 адамға дейін болған. Ресми дереккөздерде кемеде 1500 адам шамасында қайтыс болғандығы айтылады. Бұл хабарда 800 ден аз ғана кісі аман қалғаны баяндалады. Сондай-ақ «Титаник» трагедиясы шағын хабарда ерекше суреттеледі. Адамдардың суға батып өліп жатқаны, ерлі-зайыптылардың құтқарушы қайықтарға мінбей, бірге өлуге бекінгендігі сол кездегі үлкен трагедиялардың бірі еді. Бұл трагедия тек «Титаникпен» бітпеді. 1914 жылы «Императрица Ирландии» кемесі де бортындағы 1477 адаммен бірге суға батып, «Титаник» трагедиясы қайта қайталанады. Бұл жайлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде «Америкада дариямен «Империатритса Ирланди» деген үлкен кеме мың жарым кісімен жүзіп келе жатқанда түнде алдынан байқаусызда көмір кемесі соқтығып, үлкен кемені жарып кеткен. Кемедегі жолаушылар тегіс ұйқыда екен. Кеме бастықтары сымсыз телеграфпен басқа жерге «біз баттық, құтқарыңдар» деген хабарды ғана білдіріп қалған. Кеме суға батып жөнелген. Қайықпен, басқа амалмен бірсыпыра жолаушылар құтылып, 1032 адам суға кеткен. Бұл кемеде неше байлар, ғалымдар, сан боздақтар опат болды», – деп жазылған. Бұл хабарлар арқылы біз сол кезеңдегі қазақ газеттері әлемдегі ең ауқымды жаңалықтарды тұрақты түрде жариялап, оқырманға дер кезінде жеткізіп тұрғандығын анық байқаймыз.

