Жаңалықтар

Тіршілік көзі «тілсіз жауға» айналмасын десек...

Бұзылған бөгеттерді қайта жөндеу – су тасқынын болдырмаудың бірінші қадамы
Тіршілік көзі «тілсіз жауға» айналмасын десек...
22.09.2017 18:11 4900

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың су тасқынының алдын алу жөнінде тапсырмасына сәйкес еліміздің көптеген аймағында дамбыларды, су қоймалары мен бөгеттерді алдағы көктемге дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, осы көктемде Ақмола облысының Алва су торабы, Подлесненский және Преображенск су қоймалары табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмай, тасқынға бөгеттердің күші жетпеген-ді. Тас та, темір де жөнделер, бастысы, өзен өтетін елдімекендерде мал-жан аман, бауырымыз бүтін дейді ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев.

Бабаларымыз «Адамзатты сөз бұзар, тау мен тасты сел бұзар» дейді. Тіршілік көзінің екінші аты «тілсіз жау» десек те, сақтықта қорлықтың жоқтығын ескерер кез жеткен секілді. Иә, өткенге көз салсақ, мемлекетіміздің балабақша, мектеп пен аурухана, спорт және мәдениет салаларына көп көңіл бөлгенін, су қоймалары мен су шаруашылығының кейінге қалып келгенін оңай байқауға болады. Соңғы жылдары еліміздің көптеген аймақтарында жиі қайталанған су тасқыны оқиғалары Елбасының назарына ілігіп, бұл жағдайға байланысты Үкіметке арнайы тапсырма жүктелген болатын. Осыған орай «ҚазСуШар» РМК қызметкерлері жөндеу жүргізіп жатқан жоғарыда аталған үш объектіде де қыркүейктің басынан бері қызу жұмыс. Адамның ақылына бағынған техникалар өздеріне тиісті міндетті біртіндеп атқарып жатыр. Мысалы, «Алва» көлтабандатып суару жүйесінде тасқынға тосқын бола алмаған бір ғана №26 бөгеттің 6 учаскесін түрлі ұзындықпен қалпына келтіру үшін 1 су тасушы, 1 бензовоз бен Газель шаруашылық машинасы, 1 бульдозер мен каток, 2 эксковатор, 1 тиегіш және 7 бірлік МАЗ самосвалы, барлығы 15 техника жұмылдырылған.

Аталмыш техникалардың көмегімен 8900 текше метр топырақ төселсе, тығыздалған бөгеттің алдына үш жерден 610 текше метр шойтас төселді. Бұдан бөлек, ұзындығы 1500 п.м. жерге қалыңдығы 30-50 см болатын 3960 текше метр топырақ төселіп тығыздалғанын айта кеткен жөн. Сондай-ақ, №23 бөгетті қалпына келтіру үшін су шайып кеткен жерге 2,2 шақырым жерден топырақ тасылса, жоспарға сәйкес алдағы бірер аптада нысанды жоғарғы белгіге жеткізгеннен кейін бөгеттің алдыңғы жағынан шойтас қаланады.

51 миллион теңге. Бұл – көктемде су тасқынынан «зардап шеккен» Подлесненск су қоймасын қайпына келтіруге бөлінген ақшаның жалпы көлемі. 19 қызметкер таңнан қара кешке дейін күнделікті жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатса, «ҚазСуШар» РМК Ақмола филиалының директоры Бейбіт Базарбаевтың айтуынша, бүгінде бөлінген қаржының 20 миллионы игерілген.

Осы көктемде тіршілік көзінің 1,5 млн. текше метрін жинай алатын Подлесненск су қоймасына 20 млн. текше метр су келіп, бөгеттерді бұзып өткен еді. Темір-бетон диафрагмалары суды ұстап тұруға көмектессе, автоматты түрде су тарататын құрылғы қажетті мөлшерден артылған суды өзенге қарай бағыттап жібереді.  

Түйін. Қысқаша айтқанда, миллиондап қаржы бөлінген су бөгеттерінің ел мен жерге пайдасы мынадай:

  1. Су тасқынының алдын алу;
  2. Егін, суармалы шаруашылыққа пайдалану;
  3. Төрт-түлік малды суару;
  4. Өндіріске қолдану;
  5. Өрт сөндіру қызметіне пайдалану.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға