Жаңалықтар

Тимур Турлов: Біздің бірінші байлығымыз мұнай емес – адам

Тимур Турлов: Біздің бірінші байлығымыз мұнай емес – адам
Фото: instagram.com/qjleague 18.03.2024 21:21 13546

Елімізде жоғары қарқынмен дамып келе жатқан жобаның бірі – QJ League. Отандық миллиардер Тимур Турловтың қолдауымен қолға алынған жоба биыл екінші маусымын бастамақ. Жаңа маусым алдында елорда төрінде жобаның жүзеге асырылуына үлес қосып жүрген мамандар үшін біліктілік семинары өтіп жатыр. Бұл іс-шараға Тимур Турловтың өзі келіп сөз сөйлеген болатын. Осы орайда меценат лиганың отандық футболдың дамуына қосар үлесіне, бүгіні мен болашағына, мақсатына қатысты бірқатар сауалымызға жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

– Болашағымыз бүгінгі ұрпақтың біліміне, оның денсаулығына тікелей байланысты. Кейде білімді адамның өзі сол білгенін тиімді пайдалана алмай жатады, кейде қанша көп білсең де, соны дұрыс жеткізу жағы ақсап жатады. Сондықтан біздің мақсатымыз – білген-түйгенімізді бөлісіп, соны толыққанды жүзеге асыратын кәсіби жоба даярлау.

Біз  бірігіп жастар футболын дамытуға атсалысатындардың қауымдастығын құрдық, иә, әзірге деңгейі Еуропа не Азияның кей елдеріндегідей жоғары емес шығар, бірақ бұл жобаның болашағы жарқын, сондықтан оны зор мүмкіндік деп қарастыру қажет. Мұның бәрі отандық футболдың дамуы үшін жасалып жатқан қадам. Көзінде оты бар, елім дейтін, болашаққа зор үмітпен қарайтын, өз ісіне шын жаны ашитын кәсіби мамандар іріктеліп жатқанына шын сенемін. Солардың арқасында ғана біз үлкен күшке айналамыз.  

Бүгін өңірлердегі мамандарды толық жинап, осы ойымызды жеткізгіміз келді. Қызығушылықтар, алға ұмтылыс пен ортақ ниет арқылы жас футболшыларға, білікті мамандарға жол ашсақ, біздің түпкі жоспарымыздың орындалғаны.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған бапкерлер, медиа-офицерлер мен өзге де мамандардың білімін, тәжірибесін, білігін біріктіру арқылы футболдағы сапаны арттыруды көздейміз. Елімізде спортқа, футболға бейжай қарамайтын жандар көп. Олар өзінің уақытын да, күші мен ақшасын да салуға дайын. Мұның бәрін ондаған жыл бойы жасап жатқандар да аз емес. Сол күштің бәрін біріктіре алсақ, онда біз ойлағаннан да биік мақсаттарды бағындыратынымыз анық. Яғни біз бір клуб не қаланың ғана емес, бүкіл елдің спорттық деңгейін көтере аламыз. Ал көздеген межемізге әділ әрі жоғары бәсекелестікті сақтай отырып жетуге тырысамыз.

Алғашқы маусымға қаншалықты көңіліңіз толды?

– Меніңше, біздің алғашқы маусым жарқын сәттерге толы болған секілді. Мұның бәрі күндіз-түні тынбай еңбек еткен, осы жобаның жүзеге асырылуы жолында аянбаған әрбір жанның арқасы. Сол үшін де ол кісілерге алғысым шексіз.

Биыл былтырғы көрсеткіштерден де асып түссек деген жоспарымыз бар. Елімізді нағыз футбол державасына айналдыратын жолмен келе жатқанымызды дәлелдегіміз келеді.

Үкімет, жергілікті органдар, Қазақстан футбол федерациясы отандық футболды дамыту үшін көптеген жобаны жүзеге асырып, қаржы бөлуде. Лиганың басшылығымен бірігіп біз де соған үлес қосып жатырмыз. Тарихты жалғыз адам жасамайды, бұл – біз бірігіп жазып жатқан ортақ тарих.

Әрине, ағылшын премьер-лигасын тамашалап, әлемдік жұлдыздардың ойынына тамсанып отыра берсек те болады, бірақ қай уақытта да екі жол бар екенін ұмытпау қажет. Өзгелердің мықтыларына ауыз ашып отырмай-ақ сол мықтыларды өз елімізде даярлау жағын қарастырған әлдеқайда дұрыс ұстаным. Өз үйіңізде, өз қалаңызда отырып-ақ әдемі футболға куә болуға болады. Меніңше, мұның әсері бөлек, себебі ол адамдар сізге жат емес, сіз оларды білесіз, олардың жүзі таныс, мүддеңіз ортақ.

– Елімізде спорттағы психология мәселесі әлі де өзекті. Жас футболшыларымыз алғаш табыс таба бастағанда түрлі қиындықтарға тап болып жатады. Әсіресе соның ішінде лудоманияға ден қоятындар баршылық. Осы орайда сіздің компания жастарды, лига қатысушыларын қаржылық сауаттылыққа үйрету туралы жобаны қолға алғысы келмей ме?

– Бұл өте өзекті мәселе екенін білеміз. Әріптестерімізбен ақылдасып, қаржылық сауаттылық курстарын ұйымдастыруға болады. Осы жерде алдымен адамның мақсаты айқын болуы керектігін еске салғым келеді. Өмірде түрлі жолдар, алаңдататын дүние көп. Әсіресе оңай келген ақша адамның ойын сан-саққа жетелеуі мүмкін. Дегенмен бұл да сынақ екенін білген жөн. Бұл жерде тәртіп өте маңызды. Жасырын емес, бізге букмекерлік кеңселер де түрлі ұсыныспен келді, бірақ біз бірден бас тарттық. Жобамыздың ашық болғанын қалаймыз. Үкіметтің де, біздің де ұстанған бағытымыз осы.  

Freedom мен лига арасында үш жылдық келісім бары айтылып еді. Биыл екінші маусым басталады. Сонда бір жылдан кейін лига тағдыры қалай болмақ?

– Әлгінде айтқанымдай, алғашқы маусым өте сәтті өтті. Келесі жыл бұдан да жақсы болады деген үміттеміз. Егер бәрі ойдағыдай болса, келісімшартты созуға дайынбыз. Жобамыздың жалғасуына мүдделі серіктестеріміз бар. Бағытымыздан, межемізден таймасақ, бәрі жақсы болады деген ойдамын. Бастысы, бір командаға айнала білсек, керемет болашақ күтіп тұрғанына кәміл сенемін.

Кәсіпкер ретінде сіз бұл жобадан не күтесіз?

– Футбол – бұқаралық, қолжетімді спорт. Өзімді еліміздегі спортты дамытуға шынайы қызығушылық танытатын кәсіпкерлердің бірімін деп санаймын. Маған ешкім келіп нақты тапсырма беріп, алдыма ешқандай міндет қойған жоқ. Бұл жобаға келерден бұрын күшіміз, білігіміз бен ақшамыз қай жерде көбірек пайдалы болады деген мәселені зерттедік, осылайша жастарға инвестиция құю ең тиімді жол екенін түсіндік. Өзім де жаспын, сондықтан 10-15 жылдық жобаға инвестиция құя аламын деп ойлаймын.

Адам өзінің білімін, энергиясын, тәжірибесін бөліскенде ғана көшбасшыға айнала алады.

Сауд Арабиясы секілді бай елдер миллиондаған ақшаға әлемнің футбол жұлдыздарын сатып алып, ең мықты құрам жасақтап шығара алады. Қазақстанның да мықты деген шетелдік легионерлерді сатып алуға шамасы жетеді. Бірақ біздің байлығымыз мұнайда емес, адамдарда екенін ұмытпайық. Нәтижеге жету үшін көбірек уақыт қажет болады, көбірек ресурс керек, төзім керек, бірақ біз таза, әділетті футбол құрғымыз келеді, әдемі ойын көргіміз келеді, қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз.

Өзге кәсіпкерлерге спортқа ақша салу не үшін қажет екенін түсіндіріп өтсеңіз...

– Болашақ бүгіннен басталады. Өз жерімізде тұрып командаларымызды әлемдік додаларда топ жарғанын көргіміз келеді ғой, еліміз тұрақты дамып, байығанын қалаймыз, дені сау, көкірегі ояу қоғам құрғымыз келеді. Ендеше әрекет ету біздің қасиетті борышымыз. Қазір мемлекетке қарап қол қусырып отыратын заман емес, аз болсын мүмкіндігі бар азамат еліміздің дамуы, көркеюіне үлес қосуы қажет деп ойлаймын. 

Құпия болмаса, сандарға тоқталсақ, бір жылдың ішінде жобаға қанша қаражат жұмсалды, тағы қанша қаржы құюды жоспарлап отырсыздар?

– Бізде бәрі ашық, бюджет те. Өкінішке қарай, сандарды білмейді екенмін, оны қарау керек. Процесс барысында ондаған миллион доллар қаржы жұмсалатыны анық. Әзірге миллиард теңгенің шамасында қаржы құйылды деп ойлаймын.

Қазақстанда спорттық инфрақұрылым әлі де көңіл бөлетін мәселе. Freedom лигаға арнап стадион салу жағын қарастыруы мүмкін бе?

– Өңірлерде инфрақұрылым жағы ақсап тұрғанынын білеміз. Сондықтан 250 миллион долларға үлкен бір стадион салғаннан гөрі сол ақшаға 50 манеж салған әлдеқайда тиімдірек болатын секілді. Өз басым жансыз сарайларға қаржы құйғаннан адамдарға инвестиция салғанды құп көремін. Бізге қаңырап бос тұратын алып стадиондардан қарағанда базалық спорттық кешендер көбірек керек. Мен үшін алдымен адам маңызды, сонан соң оған базалық талаптарын өтетін орын қажет, содан кейін ғана алып стадиондар салынғаны дұрыс болады. 

Сіздің Қазақстан шахмат федерациясының басшысы екеніңізді бәрі біледі. Өзіңіз де шахматты тәп-тәуір ойнайды деп естиміз. Ал футболды қаншалықты жиі ойнайсыз?

– Шыны керек, мен кәсіби шахматшы да болып жарытқан емеспін. Рас, шахмат ойнағанды жаным сүйеді, бірақ шахматпен кәсіби тұрғыда айналысатын 10 жасар баланың өзін ұта алмаспын. Футболды да жақсы көремін, бірақ тығыз жұмыс кестеме футболдан гөрі байланысты шахматқа уақыт табу оңайырақ. Футбол командалық ойын болғандықтан, әрі-бері шапқылап жүріп командаластарымды тығырыққа тірегім келмейді, оған жүйелі жаттығу, тәртіп қажет, ал дәл қазір мен өз-өзіме тәуелді болмай тұрмын. Бірақ үйде балалармен бірге доп қуып тұратынымыз бар. Кім біледі, болашақта өзіме де, спортқа да көбірек көңіл бөлетін күн туар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға