коллаж El.kz

Timbaland, Николь Шерзингер, Busta Rhymes: 2026 жылы Қазақстанға тағы қандай жұлдыздар келеді?

27.01.2026 11:40

2026 жылы Қазақстанда әлемдік деңгейдегі ірі концерттік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр. Тимбалэнд, Николь Шерзингер, Баста Раймс сынды әйгілі жұлдыздардың елге келуі күтіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Ғазизов мәлімдеді.

Оның айтуынша, халықаралық шоу-бизнес өкілдерінің қатысуымен өтетін концерттер елдің туристік тартымдылығын арттырып, Қазақстанды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: 

Туризм көрсеткіштері өсіп келеді

Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов саладағы ахуал мен негізгі көрсеткіштерге тоқталды. Министрдің айтуынша, туризм саласында оң динамика байқалады.

Жедел деректерге сәйкес, еліміздегі орналастыру орындарының саны 4,5 мыңнан асып, олардың қызметін пайдаланған туристер саны 10 миллионнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайыз жоғары.

Сонымен қатар Қазақстан халықаралық рейтингтерде де өз позициясын жақсартып келеді.

Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық туристік индексінде Қазақстан 119 елдің ішінде 52-орынға көтерілді. Бұған дейін біз 66-орында болғанбыз. Алдағы мақсат – үздік елу елдің қатарына ену, – деді министр.

Ukimet.kz

Туризмге тартылған инвестиция көлемі артты

Инвестиция тарту бағыты бойынша да оң көрсеткіштер тіркелді. Ресми статистикаға сәйкес, 2025 жылы туризм саласына салынған инвестиция көлемі 32 пайыз өсіп, 1 триллион 254 миллиард теңгеге жеткен.

Ukimet.kz

Министрліктің жоспарына сәйкес, бүгінде туризм саласында жүзеге асырылуы көзделген 328 инвестициялық жоба бар. Олардың қатарында:

  • «Ой-Қарағай» тау-шаңғы курорты
  • Hilton және Mandarin Oriental қонақ үй кешендері
  • «Жібек жолы» ойын-сауық кешені
  • Keruen Inn жол бойындағы сервистік нысандар желісі

Аталған жобалар іске асқан жағдайда, туризм саласында шамамен 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылады.

Туризмдегі жүйелі мәселелер әлі де бар

Сонымен қатар Ербол Мырзабосынов саладағы түйткілді мәселелерге де назар аударды. Министрдің айтуынша, негізгі көрсеткіштердің өсуіне қарамастан, бірқатар жүйелі проблема әлі шешілмеген.

Ең алдымен, бұл – курорттық аймақтардың инфрақұрылымы. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Президент әкімшілігі мен Үкімет аппаратының инспекторларымен бірлесіп Бурабай, Баянауыл, Қатон-Қарағай, Балқаш, Қапшағай, Алакөл және Маңғыстау өңірлеріндегі курорттық аймақтарға тексеру жүргізілген.

Тексеру нәтижесінде бірқатар олқылық анықталған.

Алакөл мен курорттық аймақтардағы қауіп

Министрдің айтуынша, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Абай және Жетісу облыстарындағы курорттық аймақтарда су және кәріз жүйелері әлі де толық шешілмеген. Әсіресе бұл мәселе Алакөл жағалауында аса өзекті.

Алакөл көлінің екі жағалауында да жағаны бекіту жұмыстарын шұғыл жүргізу қажет. Кейбір демалыс базалары қауіпті аймақта орналасқан, су тым жақындап қалған, – деді министр.

Сонымен қатар Каспий теңізі мен Алакөл жағажай аймақтарында судың түбін тереңдету жұмыстары қажет екені айтылды.

Туристік дайындық пен қауіпсіздік мәселесі

Министр кейбір курорттардың туристер ағынына дайын емес екенін де атап өтті. Мысалы, Бурабайда маусым кезінде кептелістер жиілесе, Балқаш бағыты бойынша жол бойындағы сервистік нысандар мен жанармай құю бекеттері жетіспейді.

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жоқтығы да – өзекті мәселе.

Сонымен қатар өңірлер берген есеп пен нақты жағдайдың сәйкес келмейтіні анықталған. Орнатылды деп көрсетілген санитарлық-гигиеналық тораптардың көбі жұмыс істемеген.

Туристік қауіпсіздікке жауапты қадағалау жүйесі де әлсіз.

Кейбір өңірлерде бүкіл акваторияны бір ғана инспектор қадағалап отыр. Бұл қауіпсіздік деңгейінің төмендеуіне әкеледі, – деді министр.

Аталған мәселелерді шешу үшін басым туристік аумақтардағы инфрақұрылымдық жобаларды ел үшін аса маңызды нысандар санатына енгізу ұсынылды. Қазіргі таңда бұл түзетулер Сенатта қаралып жатыр. Министрлік Ұлттық экономика министрлігіне тиісті қағидаларға өзгеріс енгізуді ұсынды.

Айта кетейік бұған дейін Қазақстанға қай елдерден туристер көп келгендігі туралы жазған едік. 

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от EL.KZ (@elkz_portal)