Жаңалықтар

Тілеу батырға ескерткіш қойылады

Тілеу батырға ескерткіш қойылады
18.08.2015 04:29 5568

Қазақ хандығының 550 жылдығына орай әр жерде ескерткіштер бой көтеріп жатыр. Ақтөбе қаласының Әбілқайыр хан даңғылы мен Тілеу батыр көшесінің қиылысындағы алаңда Тілеу батыр Айтұлына арналған ескерткіш орнатылады. 

Тілеу батырға ескерткіш қойылады

Бүгінде оның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін ақтөбеліктер батырдың менмұндалаған мүсінін көретін болады.

Баласы Жолдыаяқ батыр екеуінің асыл сүйегі қазақ халқының ел билеген хандары, билері мен батырларының мәңгілік мекені болған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Есімдері Түркістан қаласының бір көшесіне берілген Шекті Тілеу батыр Айтұлының кім болғаны туралы «Қазақ ұлттық энциклопедиясында төмендегідей нақты баяндалған. «Тілеу Айтұлы (1630, қазіргі Ақтөбе облысы - 1684. Сайрам қаласы) - би әрі батыр қолбасшы. Ноғай ұлысының билеушісі Мұсаның ұрпағы. Мөңке бидің әкесі. Тілеу батыр Күлтөбеде Тәукені хан сайлауға, Сопы Әзизді пір сайлауға қатысқан. Оның Есіркеміс, Алдаберді, Жолдыаяқ, Жақсымбет, Мөңке есімді балалары болған. 1681-1684 жж. жоңғарлармен болған Сайрам соғысына 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ, інісі Қалдыбай батырларды ертіп барып, соғысқан. 1684 ж. Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші ұрыста Тілеудің өзі де, баласы Жолдыаяқ та опат болды. Екеуінің сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш-тақтада жазулы. Түркістан қаласында Тілеу, Жолдыаяқ батырлар атындағы көше бар. Кіші жүздегі рулы ел Тілеу батырдың есімімен аталады. «Тілеуқабақ» әні Айттан туған ағайынды Тілеу мен Қабаққа арналған. Батырдың тікелей ұрпақтары: Қаражігіт молда Бектауұлы, Мырзағұл би Шыманұлы, Достан би Тәңірбергенұлы, Сарышолақ шайыр, Сары Батақұлы, Таразы ақын, жазушы Тахауи Ахтанов, саясаткер Марат Тәжин, т.б.». Батыр бабамызға орнатылатын ескерткіштің құрылысын бастаудың салтанатты рәсімі кезінде «Шекті Тілеу батыр Айтұлы» қоғамдық қорының басқарушысы Қанатбай Елеусіз, ардагер журналист Идош Асқар мен ғалым Зәкіратдин Байдосов жылы лебіздерін білдірді. Ал Тілеу батырдың ұрпақтары, облысымыздың қадірлі ақсақалдары Кемейдулла Төлеубайұлы, Сматолла Беркімбаев және Төлебай Құрманалиндер ескерткіштің іргетасын қалау рәсімін жасады. Тұғыры гранит тастан, ал батырдың тұлғасы қоладан құйылатын ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метр шамасында болады. Батыр ескерткішін бас мердігер «АбЗиком» ЖШС орнатады. Ескерткіштің авторы - шымкенттік танымал мүсінші Әбдікәрім Ахметов. 


Әзірлеген: Досжан Мейірім.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға