коллаж El.kz

Тілді 5 айда меңгеруге бола ма? 14 тіл білетін полиглоттың тәжірибесі

15.12.2025 09:00

Атырау туралы айтқанда көпшіліктің көз алдында мұнайы мен өндірісі елестейді. Бірақ бұл қалада өндірістен бөлек, елді елең еткізер таланттар да бар. Соның бірі – 14 тілде еркін сөйлейтін жас педагог Диана Ғалымжанова. Әлеуметтік желілерде көптілділікті тек «контент үшін» деп ойлайтындар бар, ал біз әңгімелескен Диана – бұл дағдыны өмірінің жұмысына айналдырған маман.

Ол бүгін жүзден астам шәкіртке білім беріп отыр. Ең қызығы, оның оқушылары еліміздің түкпір-түкпірінде ғана емес, Германия, Корея, Сауд Арабиясы, Түркия, АҚШ сынды елдерде тұрады. Бір қарағанда осынша тілді меңгеру – туа бітті қабілет сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Диананың өзі тілге деген махаббаттың қалай оянғанын еске алғанда, барлығы күтпеген бір сәттен басталғанын айтады.

Тілге қызығушылықтың бастауы – автобустағы бір көрініс

Сұхбат кезінде Диана сол оқиғаны ерекше жылы еске алды. Оның әңгімесін тыңдағанда, кәдімгі фильмдегі флэшбэк кадрлары көз алдыңа келеді.

Анаммен автобуста келе жатқанда телефонмен бірнеше тілде сөйлеп отырған бір қызды көрдім. Менің жасым шамамен онда еді. Оның әр тілде еркін сөйлеуі маған бір емес, бірнеше адамның сөйлеп отырғанындай әсер қалдырды. Көркі мен мәдениеті, сөйлеу мәнері – бәрі маған қатты ұнады. Сол сәттен бастап әлем тілдері туралы сұрай бастадым, – дейді ол.

Бейтаныс қыз Диана үшін бала күнгі идеалға айналып кеткен.

Кейбір балалар әншіні кумир етсе, мен – сол белгісіз қызды үлгі тұттым, – дейді ол.

Тіл меңгерудің психологиясы: Неге кей адам тез үйренеді, ал енді бірі тоқтап қалады?

Дианамен сөйлесіп отырғанда оның тек «тіл білетін адам» емес, осы саланың ішкі психологиясын да терең түсінетін маман екенін байқайсың.

Көп адам тіл үйренуді марафон сияқты қабылдайды. «Бүгін бастаймын, 3 айдан кейін ағылшынша сөйлеймін» дейді. Бірақ адам миы басқаша жұмыс істейді. Алғашқы деңгейлер жеңіл болғанымен, күрделенген сайын ми жалқаулана бастайды. Дәл осы сәтте мотивация жоғалады, – дейді полиглот. 

Ол оқушының прогресін байқатып емес, «сездірмей» көтерудің әдісі барын айтады. Бұл – шетелдік педагогикада қолданылатын тәсіл. Яғни адам өз деңгейін байқамаса да, күн сайын кішкене алдынғыдан жақсы болып отырады.

Бірінші тіл – ағылшын емес, қытай тілі

Көпшілік түсінігі бойынша, бірінші үйренілетін тіл – ағылшын. Бірақ Диана мүлде басқаша бағыттан бастаған.

Ата-анасы Қытайға сапарға жиналған кезде, қызының да барғысы келген. Бірақ шарт – қытай тілін үйрену. Басында келіспепті. Бірақ алғашқы ұстазымен танысқан кезде бәрі өзгерген.

Ол кісі тілді жан-тәнімен сүйетін, алты тіл білетін. Сабақта бізге сөз ғана емес, мәдениетін, халықтың тарихын, ойлау жүйесін үйрететін. Бір сабақтың өзі саяхат сияқты өтетін, – дейді ол.

Содан кейін Диана қытай тілін меңгеріп қана қоймай, оның күрделі иероглифтерін, дыбыстау жүйесін қызыға зерттеген. Бұл тәжірибе кейін испан, неміс, түрік, француз, кәріс тілдеріне ауысқанда жұмысын жеңілдеткен.

100-ден астам оқушы және әрқайсына арналған жеке жүйе

Диананың орталығына жазылатындардың көптігі сонша, кейде кезек бірнеше айға созылады. Бірақ ол принципінен таймайды – топтағы адам саны 5-6-дан аспайды.

Сан қуаламаймын. Мен үшін ең маңыздысы – сапа. Әр баланың мықты және әлсіз тұсын білуім керек. Топ үлкен болса, нәтижені бақылау мүмкін емес, – дейді полиглот.

Оның оқушылары ішінде:

  • университетке түсуге дайындалып жүрген жастар,
  • шетелге жұмысқа кетуді жоспарlayan ересектер,
  • бірнеше тілді қатар оқып жүрген дарынды жасөспірімдер бар.

Тіпті бір отбасының 4 мүшесі қатар оқитын жағдай да кездеседі.

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

«6 айда ағылшынша сөйлетеміз» деген курс жарнамаларына неге сенуге болмайды?

Диана бұл сұраққа еш ойланбастан жауап береді.

Аптасына 2–3 сабаққа қатысып, жарты жылда еркін сөйлеу мүмкін емес. Бұл – әдемі маркетинг. Шынайы нәтиже тек күніне 8–10 сағат оқитын адамда ғана көрінеді. Бірақ қарапайым курс жүйесімен бұл мүмкін емес, – дейді ол.

Ол курс таңдауда назар аударуға тиіс төрт негізгі критерийді атап өтті:

  • Мұғалімнің деңгейі
  • Топтың аздығы
  • Академиялық сағаттың жеткіліктілігі
  • Жеке бағдарлама

Егер осы төртеуі жоқ болса, нәтиже де жоқ, – дейді Диана.

Болашақ жобалар – авторлық кітап, әдістемелік құрал, тіл карточкалары

Диана алдағы 1-2 жылда бірнеше ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап жүр.

  • Авторлық әдістемелік кітабын шығару
  • Тіл үйренушілерге арналған визуалды карточкалар
  • Бастапқы деңгейге арналған оқу құралдары
  • Онлайн форматтағы авторлық курс

Оның тіл орталығында қазір логопед-дефектолог пен математик те жұмыс істейді. Бұл – тек тіл емес, баланың жалпы дамуына әсер ететін көпсалалы білім орталығына айналып келеді.

Шетелде оқу – арман емес, үлкен жауапкершілік

Диана жыл сайын шетелде оқығысы келетін жастардан жүздеген сұрақ алады. Сондықтан бұл тақырыпқа оның көзқарасы өте прагматикалық. Шетелге кету – романтика емес.

Бұл – жалғыздық, үйді сағыну, жаңа ортаға бейімделу. Оның үстіне қаржылық жағы өте ауыр болуы мүмкін. Бірақ плюстары да көп: бала дербес болады, ерте есейеді, көзқарасы кеңейеді, – дейді ол.

Ол ата-аналарға ештеңені жасырып айтпайды:
қаржылық мүмкіндікті шындыққа қарап бағалау керек.

«Грант алып қалармын» деген үмітке ғана сенуге болмайды. Бірақ мақсат қойып, үздіксіз жұмыс істеген бала өз грантын алады, – деп түйіндейді Диана.

«Баланың болашағы университетке емес, мінезіне байланысты»

Сұхбат соңында Диананың айтқан соңғы сөзі көп нәрсенің түйіні сияқты.

Қала ма, ауыл ма – маңызды емес. Талант әр жерде туады. Университет беретін мүмкіндік — тек бір құрал. Ал адамды алға жетелейтін – мінез. Табандылық, еңбекқорлық, адалдық. Осы үшеуі бар бала өз жолын өзі ашады, – дейді полиглот.