TikTok жастардың тамақтану мәдениетіне қалай әсер етіп жатыр?
Бүгінде TikTok ойын-сауық платформасы ғана емес, сонымен қатар адамдардың күнделікті әдеттеріне ықпал ететін қуатты құралға айналып үлгерді. Әсіресе кулинариялық контент жаңа деңгейге шыққан секілді. Азық-түлік шолулары, мүкбанг форматындағы видеолар, түрлі рецепттер – осының бәрі жастардың тағам таңдауы мен тамақтану мәдениетіне тікелей әсер етіп жатқаны анық. Жаңа зерттеу дәл осы үрдістің ауқымын айқындап берді.
International Journal of Consumer Studies журналында жарияланған зерттеу авторларының айтуынша, мұндай видеоларды көргенде тұрған ештеңе жоқ, мәселе олардың қаншалықты әсер ететіндігінде. Экономикалық университет (Катовице, Польша) ғалымы Артур Стшелецкийдің сөзінше, TikTok-тағы контент көрерменді қызықтырып қана қоймай, нақты әрекетке итермелейді.
Бұл видеолардың адамдарды жаңа өнімдерді байқап көруге, өзгеше тағамдарды рационға қосуға, тіпті белгілі бір мейрамханаға баруға дейін жетелейтінін көріп таңғалдым, – дейді зерттеу авторы.
Оқи отырыңыз:
- Кептелісті басқаруға болады: отандық инженер-ғалым жаңа жүйе ұсынды
- Жастар неге кеш үйленеді? Неке статистикасына талдау
- Әдет қалай қалыптасады: 21 күн теориясы рас па?
TikTok әсері қалай өлшенді?
Ғылыми жұмыс барысында 406 TikTok қолданушысы арасында онлайн сауалнама жүргізілген. Қатысушылар платформаның әсерін сегіз түрлі критерий бойынша бағалаған. Олардың қатарында контенттің пайдасы, тартымдылығы, вирустық сипаты, блогерлерге деген сенім, әлеуметтік ықпал және тағамды тұтынуға қатысты әдеттердің өзгеруі бар.
Тиісінше TikTok жастар үшін кулинариялық шабыт көзіне айналғаны анықталды:
- қолданушылардың 73%-ы кулинарлық блогерлерге жазылған
- 55%-ы видеодан кейін мейрамханаға барған
- ал 97%-ы кем дегенде бір рет TikTok-тағы рецепт бойынша тамақ дайындап көрген
Ғалымдар адамдардың тағамға деген көзқарасына ең көп әсер ететін факторларды да тізбектеп шыққан:
- контенттің пайдасы
- оның қызық әрі тартымды болуы
- вирустық трендтер
- блогерлердің мейрамханаға жасаған шолулары
Ал нақты мінез-құлықтың өзгеруіне:
- әлеуметтік орта ықпалы
- блогерлерге деген сенім
- және қалыптасқан көзқарас әсер етеді
Ал контенттің ойын-сауық сипатында болуы оның әсерін арттыра түскен. Бұл TikTok алгоритмдерінің қолданушы талғамын қалыптастырудағы рөлін айқын көрсетеді. Ал екінші орында – блогерлерге деген сенім.
Саналы таңдау – басты мәселе
Зерттеуге қатысушылардың басым бөлігі – 25 жасқа дейінгі жастар. Олардың көпшілігі TikTok-та күніне екі сағаттан астам уақыт өткізеді. Сондықтан бұл нәтижелер барлық аудиторияның мінез-құлқын толық қамтымайды.
Зерттеу авторлары кез келген қолданушы ақпаратты сүзгіден өткізе білгені жөн деп санайды.
Әр адам өзі: «Осы контенттің арқасында әдетімді өзгертуге қаншалықты дайынмын? Бұл менің денсаулығыма қалай әсер етеді?» деген сұрақ қоюы керек, – дейді Артур Стшелецкий.
Рас, TikTok-та эмоцияға құрылған контент тым көп. Сөйте тұра пайдалы видеолар да жетерлік. Ғалым кез келген қолданушы саналы түрде таңдау жасап, сапалы контентке басымдық берсе екен дейді.
Бұған дейін миды «қоректендіретін» азық-түлік өнімдері туралы жазғанбыз. Сонымен қатар телефонға телмірудің ауыр салдарына тоқталдық.

