TikTok арқылы казино насихаттаған тағы бір блогерге іздеу жарияланды
Тергеу оның миллиардтаған айналымы бар заңсыз ойын желісін құру мен ілгерілетуге қатысқан деп есептейді, деп жазады El.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті 1998 жылы туған Ильяр Ювашевті мемлекетаралық іздеуге жариялады. Ол желіде andersonchik1 лақап атымен танымал.
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2024–2025 жылдары ол Қазақстан аумағында лицензиясыз жұмыс істеген заңсыз интернет-казиноның қызметін ұйымдастыруға көмектескен. Соның ішінде mellstroy.game ресурсы да бар. ҚМА мәліметінше, Ювашев осы желіні құру және басқаруға қатысқан.
Тергеу қаржылық операцияларды жасыру және қаражатты заңдастыру үшін 22 жалған компания рәсімделгенін анықтады. Сонымен қатар POS-терминалдар мен электронды төлем құралдары пайдаланылған. Солар арқылы ойыншылардың қаражаты өткен. Жалпы түсім көлемі 3,6 миллиард теңгеден асқан, – деп атап өтті ведомство.
Агенттік іздеудегі адамның ықтимал жүрген жері туралы кез келген ақпаратты хабарлауды сұрайды. Ақпарат Астана қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментіне қабылданады.
Сонымен қатар Беларусь азаматы, Mellstroy деген атпен танымал блогер Андрей Буримге қатысты тергеу жалғасып жатыр. Ол да халықаралық іздеуге жарияланған.
Тергеу деректеріне қарағанда, интернет-казиноны жарнамалау үшін ол ұтыс ойындары мен челлендждер ұйымдастырған. Қатысушыларға TikTok, YouTube Shorts және басқа да әлеуметтік желілерде бренд атауы, логотиптері және сайтқа сілтемелері көрсетілген қысқа видеолар жариялау ұсынылған.
ҚМА мұндай интернет-казино қызметі елеулі зиян келтіретінін атап өтті. Атап айтқанда, адамдарды, оның ішінде кәмелетке толмағандарды құмар ойындарға тарту, тәуелділіктің артуы, табыстан айырылу және қаражаттың шетелге шығарылуы мәселелері бар.
Қазақстанда блогерлерді іздеуге жариялау алғаш рет болып отырған жоқ: бұған дейін құқық қорғау органдары инфлюенсер Кайсар Камза мен Екатерина Биволды да іздеген.

