TikTok алкогольден де қауіпті болып шықты
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Соңғы жылдары психологтар мен нейробиологтар адам миына әсер ететін жаңа қауіпке назар аударып отыр. Бұрын тәуелділік туралы сөз қозғалғанда, әдетте алкогольді, құмар ойындарды немесе темекіні айтатынбыз. Ал қазір солардың қатарына әлеуметтік желілердегі қысқа видеолар қосылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Әсіресе TikTok-тағы бірнеше секундтық роликтер миға ерекше күшті әсер етеді. Әрбір свайп - жаңа «сыйақы», дофаминнің кезекті дозасы. Басында мұның бәрі көңіл көтеру сияқты көрінеді: би билегендер, күлкілі мемдер, мысықтар мен қызықты сәттер. Бірақ адам мұндай «микродозаларға» үйренген сайын, қарапайым қуаныштар - кітап оқу, серуендеу немесе достармен әңгімелесу тартымдылығын жоғалта бастайды.
Ғалымдардың айтуынша, бұл құбылыс нашақорлыққа ұқсайды: стимул көбейген сайын ми аз қанағат алады, сезімталдық төмендейді. Ең қауіптісі - ұйықтар алдында басталатын әдет. Түнгі скроллинг адамның ұйқысын бұзады, жүйкені шаршатады, ал таңертең жұмысқа немесе сабаққа ден қою қиынға соғады.
Зерттеулер көрсеткендей, TikTok-тағы қысқа контент префронтальды қыртысты - адамның зейін мен өзін-өзі бақылауына жауап беретін ми бөлігін шамадан тыс жүктейді. Нәтижесінде «тағы бір видео ғана көріп алайын» деген ой әдетке, ал әдет - тәуелділікке айналады.
Бұл - жай уақыт өткізу емес, біздің миымызды өзгертетін қауіпті механизм. Сондықтан мамандардың кеңесі қарапайым: түнгі скроллингке жол бермеңіз. Ұйқының орнына телефонға байланып қалу - денсаулығыңыз бен өмір сапасына тікелей қауіп.
Бір бокал шараптан да қауіпті
Алкогольдің әсері белгілі: ішкен соң ағза бірден оның салдарымен күресе бастайды. Ал TikTok-та бәрі басқаша - ол дофаминді шексіз мөлшерде «құйып отырады». Бұл кәдімгі цифрлық масаңдыққа ұқсайды, бірақ үзіліссіз. Уақыт өте келе ми смартфонсыз ләззат алуды ұмытып, әдеттегі қуаныштар тартымсыз бола бастайды.
Ғалымдардың айтуынша, ең қауіпті сәт ұйықтар алдында болады. Ұйықтар алдындағы скроллинг ағзаның табиғи биоритмін бұзады: экраннан шығатын жарық мелатониннің бөлінуіне кедергі жасайды, ал үздіксіз эмоциялық толқын миға тыныштық бермейді. Соның салдарынан таңертең адам сергек оянбайды, есте сақтау қабілеті әлсірейді, ал созылмалы шаршау өмірдің бір бөлігіне айналады.
Қалай тәуелді болып қалмауға болады?
Нейробиологтар қысқа видеоларды кәдімгі қуатты стимулятор ретінде қабылдауды ұсынады. Мына қарапайым ережелерді ұстануға тырысыңыз:
-
қосымшаға таймер қойыңыз;
-
әр жарты сағат сайын үзіліс жасаңыз;
-
ұйықтардан кем дегенде бір сағат бұрын телефонды шетке қойыңыз;
-
серуендеу, спортпен айналысу, кітап оқу, жақындармен әңгімелесу.
Егер осы қарапайым қағидаларды елемесек, TikTok ең қымбат қазынадан - экраннан тыс өмірдің қуанышын сезіну қабілетінен айырады.

