Жаңалықтар

«Тезек теріп жүр»: депутат ауыл тұрғындары табиғи газға мұқтаж екендігін айтты

«Тезек теріп жүр»: депутат ауыл тұрғындары табиғи газға мұқтаж екендігін айтты
Фото: ©Pixabay.com 02.10.2024 14:58 414

Мәжілісмен Қайрат Балабиев көгілдір отынға қол жеткізе алмай отырған халықтың мұң-мұқтажын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Түркістан облысында әлі 300-ге жуық елді табиғи газбен қамтылмағанын алға тартты. Бүгінде өңірде газбен қамту көрсеткіші 67,2 пайызды құрайды.

Жарты миллиондай жұрт көгілдір отынсыз күнелтіп келеді. Үш айдан бергі газ тапшылығы «жығылған үстіне жұдырық» болып, газ баллондарын сақырлатып, жұртты бекет жағалатып қойды. Бұған автокөліктері тек газбен жүретіндерді қосыңыз. Ал үш айдан бері не Энергетика министрлігі, не әкімдіктер мәселені шешуге асығар емес. Бір пысықайлар 1000 теңге берсе, бір бак пен баллонды толтырып беріп, 500 теңге қосымша төлесе, жартылай газ құйып беріп, өз қалталарын пұлдап жатыр. Кей жерлерде 70 мың теңгеге талон сатылуда. Қайда барсаң газ жоқ, ал бар жердің жағдайы – жаңағыдай, - деді Балабиев. 

Облыс тұрғындары газ баллондарын кәдеге жаратып жүрсе, қазір ол да жоқ. Мәжіліс депутаты қалыптасқан жағдайды кім және қашан шешетінін сұрады:

Облыс халқының 80 пайыздан астамы ауылда тұрады. Олар газ баллондарын күнделікті тұрмыста пайдаланады. Тұтынушыларға баллонмен газ жеткізіп беретін мекемелер қызметін тоқтатқан. Көлігі барлар қалаға сандалса да, газ әкеледі, көлігі жоқтар есек арбамен отын мен тезек теріп от жағып жатыр. Онсыз да жолдары жалаңаштанып, көлеңкелейтін ағашы жоқ облыста осылайша бұталай берсе, жыңғылдан жыңғыл, сексеуілден сексеуіл қалмас. Президент күні кеше жасыл аймақ, ну орманды көбейтуді тапсырды емес пе?!

Заң талаптарына сәйкес төтенше жағдайларды болдырмау үшін баллондағы сұйытылған көгілдір отынды тек аккредиттелген ұйымдардан құйдырып алу қарастырылған. Депутаттың сөзінше, мұндай мекемелер толтырылған баллондардың техникалық жарамдылығын тексеруге, оларға тауар белгісімен таңба қоюға және сапа кепілдік картасын беруге, баллон қондырғыларына апаттық және жоспарлы техникалық қызмет көрсетуге міндетті. Осы орайда ол мәселені шешуге бірқатар ұсыныс жасады.

Түркістан облысының газдалмаған елді мекендердің 450 мың халқының тұрмыстық қажеттіліктерін өтеу үшін және заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау, өрт пен жарылыстың алдын алу мақсатында газ баллондарды аккредиттелген мекемелерде сұйық газбен толтыру;

оларды тұтынушыларға жеткізу мақсатында:

  • - арнайы жабдықталған автокөліктер қызметін жандандыру бойынша тиісті іс-шаралар қабылдау;
  • - өңірлердегі газ тапшылығын шұғыл шешу;
  • - Автогаз бекеттеріне тексеру тағайындау;
  • - тек газбен жүретін көліктерді газбен қамтамасыз ету бойынша тапсырмалар беруіңізді сұраймын.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға