Тез тамақтанудың ағзаға тигізер зардабы көп болып шықты
Мөлдір Қайнар тілші
Бүгінгі қарбалас өмір ырғағында көп адам тамақ ішуге жеткілікті уақыт бөлмейді. Асығыс ас ішіп, дұрыс шайнамай, тамақтың дәміне мән бермей, бар болғаны 5–10 минутта ішіп-жеп, шаруасына кіріседі, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Тез тамақтану әдеті ағзаға үлкен зиян тигізуі мүмкін екенін біреу білсе, біреу біле бермейді. Төменде біз дәл осы әдеттің денсаулыққа қалай әсер ететінін және не себепті баяу тамақтану маңызды екенін кеңінен түсіндіреміз.
Сіз ағзаңыздың «тоқ» деген сигналына құлақ аспайсыз
Verywellhealth.com сайты жазғандай, тамақты тез ішу барысында адам тоқтық сезіміне мән бермейді. Себебі миға «тоқсың» деген белгі 20 минут шамасында ғана жетеді. Ал сіз бұл уақытқа дейін бір емес, екі порцияны жеп үлгерсеңіз, асқазанға ауырлық, ағзаға артық калория түседі. Бұл артық салмақтың бастамасы болуы мүмкін.
Жеткілікті шайнамау – тағы бір мәселе. Әр тістемді ұзақ шайнау ас қорытуды жақсартып қана қоймай, грелин (аштық гормоны) деңгейін төмендетіп, GLP-1 (тоқтық гормоны) бөлінуін арттырады.
Ас қорыту жүйесі зардап шегеді
Тез ішілген тағам – толық шайналмаған, ірі бөлшектерден тұрады. Мұндай ас асқазан үшін ауыр. Асқазан оны қорыту үшін әлдеқайда көп қышқыл бөледі, соның салдарынан қыжыл, кебу, іштің ауруы секілді белгілер пайда болуы мүмкін. Уақыт өте келе бұл гастритке немесе асқазанның қабынуына әкелуі ықтимал.
Артық салмақ – тез тамақтанудың салдары
Зерттеулер көрсеткендей, тез жейтін адамдар баяу жейтіндерге қарағанда 3 есе жиі артық салмақ жинайды. Себебі олар порцияны көбірек алады, жиі жеңіл-желпі тамаққа жүгінеді, ал мұның бәрі артық калорияға әкеледі.
2 типті қант диабетіне бейімділік артады
Асығыс тамақ ішу қандағы қант деңгейінің тез көтерілуіне ықпал етеді. Бұл ұзақ мерзімде инсулинге төзімділікті күшейтіп, 2 типті диабеттің даму қаупін арттырады.
Метаболикалық синдром қаупі жоғарылайды
Жоғары қан қысымы, іш майының жиналуы, қан құрамындағы қант пен холестерин деңгейінің ауытқуы – мұның бәрі метаболикалық синдромның белгілері. Зерттеулер тез тамақтанатын адамдардың осы жағдайларға бес есеге дейін жиі шалдығатынын көрсетеді.
Қоректік заттар толық сіңбейді
Ас қорыту – ауыздан басталатынын ұмытпаңыз. Шайнау — тағамды ұсақтап қана қоймай, оны сілекеймен араластырып, ферменттік өңдеудің алғашқы кезеңін бастайды. Егер бұл кезең нашар өтсе, ішекте дәрумендер мен минералдардың сіңірілуі де толық болмайды.
Шашалу қаупі артады
Тез жейтін адам — ірі кесек жұтады, сөйлесіп отырып жейді, дұрыс шайнамайды. Мұндай жағдайда, әсіресе балалар мен егде жастағылар арасында шашалу қаупі едәуір жоғары. Сондықтан баяу, мұқият шайнап жеу – қауіпсіздік кепілі.
Баяу тамақтану – ұзақ өмір сүрудің әдеті
Баяу, байыппен тамақтану – денсаулыққа пайдалы ғана емес, эмоционалды рақат сыйлайтын әдет. Ол:
- ас қорытуды жақсартады;
- артық калориядан сақтайды;
- қандағы қантты тұрақтандырады;
- тамақтан кейін ұзақ уақыт бойы тоқтық сезімін береді;
- тағамнан ләззат алуға мүмкіндік береді;
- балалар мен қарт адамдар арасында тұншығу қаупін азайтады.
Қалай баяу жеуді үйренуге болады?
- Әр тіскекті кемінде 20–30 рет шайнаңыз.
- Тамақтану кезінде экранға емес, тағамға зейін қойыңыз.
- Қасықты әр тістемнен соң үстелге қойып отырыңыз.
- Кішірек қасық, ыдыс қолданыңыз – порция да, асығыстық та азаяды.
- Асықпаңыз. Тағамның дәмін сезіп, иісін жұтып, процесстен рахат алыңыз.
- Тамақтануға кемі 20 минут уақыт бөліңіз.
Адам денсаулығы – ұсақ-түйек әдеттерден тұрады. Солардың бірі — тамақтану дағдысы. Егер баяу, саналы тамақтанып үйренсеңіз, денеңізді тыңдай білсеңіз, өзіңізді жеңіл әрі сергек сезінесіз. Асығыс тамақ – уақыт үнемдеудің тәсілі емес, денсаулықты құрту жолы екенін естен шығармаңыз.

