Жаңалықтар

Терме өнері. Кеше және бүгін.

Жыршы, термеші Күнсұлу Түрікпенмен сұхбат
Терме өнері. Кеше және бүгін.
31.10.2018 12:14 9736

Қазақ халқында «терме»  атты синкретті өнер бар. Ата-бабамыз терме арқылы күнделікті өмірде кездесетін жағдайларға байланысты ақыл-кеңес беріп, жастарға өнеге айтып, жақсы дүниеге насихат жасап отырған. Терменің айтар ойы ұшқыр болғанымен, тілге жеңіл, құрылымы қарапайым, мазмұнын кез-келген адам түсіне алады. Атадан балаға мирас болып келе жатқан осынау аманатты ертеңгі ұрпаққа жеткізу біздің еншімізде. Осы орайда, көкейдегі сауалдарға жауап табу мақсатында төл өнеріміздің бүгінгі өкілі Күнсұлу Түрікпенмен сұхбаттасқан болатынбыз.   

- Күнсұлу, өзіңіз жайлы айта кетсеңіз? Қай жақтың тумасысыз?

- Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылынан боламын. Біздің Қармақшы ауданының топырағынан жүз жырау шыққан екен. Сол сүлейлердің бүгінгі сарқыты мына біздерміз.

- Термешілік қаныңызда бар ма? Ата-анаңыз қай саланың мамандары?

- Өнер деген ұғымды тұтастай алып қарау керек. Мүмкін зергерлік не болмаса әншілік болады ма, бәлкім, ұсталық болсын атаның күшімен, ананың сүтімен келетін қасиет. Ата-бабамызда терме өнерін ұстанған адамдар бар. Алты алашқа аты мәлім Тұрмағамбет Ізтілеуов атамызды, Жиембай жырауды мысал ретінде келтіре аламын. Жиембайдан бері түссек  Рүстембек жырау, Бидас жырау мен Арнұр жырауларды мысалға келтіріп, бұның гендік тұрғыдан берілген қасиет екенін алға тарта аламын. Сондықтан да бұл өнер қанмен келді десем қателеспеспін. Жеті атамен қуар болсақ Тасберген Нұрмаханұлы деген жырау болған. Ол кісіден кейінгі ұрпаққа бай мұра қалды деп айта алмаспыз. Дегенмен, терменің «жілігін шағып, майын ішкен» мамандар білетін «Тасбергеннің маңырамасы» деген шығармасы бар. Бұл маңыраманың ерекшелігі көбіне көмейге салып, құмығыңқы дыбыс шығарып орындалатындығында. Қайырымын қайыратын тұста дем алмастан ұзақтығы  6-7 минуттық қайырып айтатын мақам. Бұл мақам тек Сыр бойында ғана бар. Оның ішінде осы біздің Қармақшы төңірегінде ғана. Басқа өңірлерде бұл мақамды кездестіре алмайсыз.

Әкем кезінде ауыл ішінде, үй арасында жыр айтқан адам. Біздің бойымызға жырдың сіңуіне әкеміздің әсері тиген болатын. Әкемнің жыр-дастандарды орындаған кездерде үйдегі балалардың барлығы маңайына иіріле отырып, сүйсіне тыңдайтынбыз.

- Терме мектебіндегі ұстаздарыңызды атап өтсеңіз?

- Менің бойымдағы терме өнеріне деген құмарлықты дөп басып, қолыма алғаш домбыра ұстатқан ұстазым өзімнің әкем. Әуелі шағын терме-толғауларды үйретті. Домбыраны жақсы меңгеруім үшін домбыра үйірмесіне апарды. Ол жерде «Күй үйірмесінде» дәріс алдым. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университеті жанынан 1992 жылы «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы ашылған болатын. Бойымдағы өнерді ары қарай ұштау мақсатында сабақтан тыс уақыттарда сол кафедрада  қызмет ететін Бидас Рүстембеков, Руслан Ахметов, Серік Жақсығұлов сынды ұстаздарымнан қосымша сабақ алдым. Ол кісілерден күні бүгінге дейін ақыл сұрап отырамыз. Әйгілі жыршы Алмас Алматов ағамыз біз секілді жастарға үнемі бағыт-бағдар беріп отырады. Он бірінші сыныпты бітірген соң, мектеп уақытынан тыс сабақ алып жүрген кафедрама студент болып қабылдандым. Бұл жерде 4 жыл білім алған соң,  2015 жылы Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің магистратура бөліміне түстім. Бұл жерде Алмас Алматов, Раушан Сабыржанқызы секілді үлкен ұстаздардан ғылыми тұрғыда сабақ алдым.

- Өз өңірлеріңіздегі терме мектептеріне тоқталсаңыз...

- Біздің Сыр бойында жүйеленген, жіктелген үш мектеп бар.  Біреуі Жиенбай жырау мектебі, екіншісі Нұртуған ақын мектебі, соңғысы Нартай дәстүрлі әншілік мектебі.  Жиенбай жырау мектебі Қармақшы ауданы өңірін қамтиды. Бұл жерде көмеймен жыр айтуды насихаттайды. Мәселен, Алтай, Хакас, Тывада көмеймен айтатын жыршылар бар ғой. Жиенбай жырау мектебі де осы бағытта жыр ойындайтын мектеп. Жиенбай жырау кезінде үш жүзге аты шыққан тұлға ғой. Бізге ол кісінің терме-толғаулары, біраз айтыстары жеткен. Бұл тек арқылы беріліп келе жатқан мектеп болғандықтан да осы атамыздың атына берілген. Бірақ, бұл - отбасылық немесе рулық деңгейде ғана қалыптасқан мектеп деген сөз емес. Осы мектеп бойынша Сыр өңірінде біраз  термешілер бар. Жиенбай жырау мектебіне қатысты  айта кететін бір нәрсе бар. «Көроғлы» жырының толық түрде  сақталған нұсқасы осы мектептің еншісінде. Бұл нұсқа көркемдік жағынан да өзге нұсқаларына қарағанда маңыздырақ болып есептеледі. Зерттеушілер Жиенбай жыраудың артында қырыққа жуық мақам қалған деседі.

Нұртуған жырау мектебіне тоқталсақ. Бұл - Арал, Қазалы аймағына тән мектеп. Нұртуған жалпы өзі мақам шығармаған адам. Ол өзінен кейінгі жастарға жыр құрауды үйретіп, ақындыққа баулыған. Жыраулық поэзияда сөз саптау жағынан үлкен мектеп қалыптастырған адам. Нұртуған Кенжеғұлұлы мектебінде көбіне таңдай арқылы дыбыс шығарады. Әр мектептің өзіне тән жүйелік ерекшеліктері бар. Бұл мектептің белді өкілдері деп Жаппарберді жырау, Дәріқұл, Жаңаберген жырау, Берекет Омаров, Қызыл жырау секілді тұлғаларды атай аламыз.

Нартай мектебі Шиелі, Жаңақорған аймағында көп тараған. Нартай тек Сыр бойының мақам-саздарымен ғана шектеліп қалмай еліміздің әр бөлігінің мақамдарын қамтып, тәжірибе алмасқан адам. Бұл мектепте Арқаның асқақтата салатын ырғақтары да кездеседі. Зертеушілердің айтуынша бұл кісінің артында 7-8 мақам қалған. Өмір сүрген тұсы Екінші дүниежүзілік соғысы кезіне тап келгенімен дауысы еш жерде сақталмай қалған екен. Нартай мектебінің отын өшірмей келе жатқан бүгінгі өкілдерінің бірі  деп Құрманбек Бекпейіс атты ағамызды айтуға болады. Бір өзі мыңға татитын бұл ағамыздың артынан бүгінде көптеген шәкірттері бар.

- Қазіргі таңда қай жерде  қызмет етіп жүрсіз?

- Қызылорда  облыстық мемлекеттік филармониясында «Жыршы-әртіс» штаты бойынша қызмет  атқарудамын.  Одан бөлек Шиелі кентінде «Арман»  мәдениет үйінде әдіскер ретінде қосымша қызмет атқарып жүрмін.

- Терме – тәрбие құралы. Заманымызға лайықталған термелер шығып жатыр ма?

- Қазір терме шықпай қалды десем өтірік айтқан болармын. Ал, шыққан дүниенің жақсы-жаманын халық өзі саралап алар. Заманына байланысты терме де түрленіп отырады. Бірақ, бүгінгі күні жастар тұрмақ орта буынның өзі термені сирек тыңдайды. Мәселен, Тұрмағамбеттің:

Ей, көңілім, талпи берме бет алдына

Бетіңше талпынғанмен кете алдың ба?

Үш түгілі алтыға алты  қостым

Сонда да біреуіне жете алдың ба? – деген сөздерін екінің бірі түсінбейді. «Талғамға талас жоқ» дейміз. Бірақ, қазір талғамның дағдарысқа ұшырағанын да көріп отырмыз.

Термені заманына лайықтап айтып жүрген өнерпаздарымыз жеткілікті. Бұл тұрғыда олардың осы әрекеттеріне оң баға берер едім. Мысалы, Сәуле Жанпейісова әпкеміз, Өмірқұл Айниязов ағамыз, Айгүл Қосанова, Елмұра Жаңабергенова сынды өнерпаздар «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» екі жақты қамтып келе жатыр. Бізге қазір ескі өнердің иесі ретінде қарайтыны жасырын емес. Сондықтан да негізін жойып алмай, жаңаша форматпен насихаттасақ та халыққа өз дүниемізді ұсына беруіміз керек.

- Жас буын арасынан жыршы, жырауларды, жалындаған термешілерді атап бере аласыз ба?

- Бұл тұрғыда ауыз толтырып айтатын жастарымыз бар. Мәселен, біздің Қорқыт ата Университетінің өзінен күні бүгінге дейін екі жүзден аса жыршы-термеші қанат қағып, бүгінде олардың біразы  ел алдында өнер көрсетіп жүр. Мәселен, біздің көштің басын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова бастайды. Руслан Ахметов, Серік Жақсауов, Айбек Тәңірбергенов, Талғат Мақашев сынды өнерпаздарымыз осы кәсібінің арқасында елге танылып, жақсы қызметтерде жүр.

Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасы бар. «Жыр» мамандығы бойынша дәріс алып жатқан шәкіртердің де аяқ алысы жаман емес.

Жас термешілердің арасынан атап айтатын замандастарым Марат Сүгірбай, Нұртілек Ахтаев, Жарасхан Төлебай, Эльвира Есназар, Ерсейіт Әлиев секілді жастарды атай аламын. Елбасының қолынан домбыра алған кішкентай ғана Арай Оңғарова деген жыршы қыз бар. Оны да атамай кетуге болмас. Әзірбайжанда өткен халықаралық муғамшылар конкурсында 3-орынды иемденгенДілназ Ташмухаметті айтуға болады. Тізе берсең тізімнің аяғына жете алмаспыз. Осы ғажап өнерді өмірлеріне серік еткен жастар жетерлік.

- Жастар терме тыңдайды ма?

- Қазіргі жастар терме тыңдамайды деп бірден кесіп тастауға болмайтын шығар. Кейде «Бәлкім өзіміз тыңдата алмай жүрген шығармыз» деп те ойлаймын. Тәрбие тал бесіктен бастау алады. Егер, баланың әке-шешесі үйінде дәстүрлі ән-жырды, термені тыңдайтын болса, баланың құлағына жауһар жырлар кішкентай кезінен сіңер болса, ол есейе келе термені, дәстүрлі әндерді тыңдауы мүмкін.

Қарағанды қаласында Бұхар жырау атындағы республикалық конкурс өтті. Бұхарша жыр жазатын, Бұхардың жырларын орындайтын балалар бақ сынады. Бұл байқауда Алмас Алматов ағамыз төрелік еткен болатын. Ол кісі жастардың аяқ алысына қатты сүйсініп келді. Осындай жұмыстарды жиі ұйымдастырып отыруымыз қажет. Қазір өңірлерде ұлттық өнерді дәріптейтін мектептер ашылуда. Сол мектептердің саны да, сапасы да көтерілсе екен.

- Өзіңіз термеші ретінде конкурстарға қатысып көрдіңіз бе?

- Мен ең алғашқы конкурсыма 2003 жылы қатысқан едім. Республикалық, халықаралық конкурстарға біршама қатысып, жақсы жетістіктерге жеттім. Менің ел алдында  термеші ретінде таныла бастауыма бұл конкурстардың үлкен септігі тиді. Себебі, әр байқауға қатысқан сайын шыңдалып, өзіңе белгілі бір талаптар мен мақсаттар қойып отырасың. Мен үшін жүлделердің құнды, құнсызы болмайды. Алдыңғы лектен көрінген байқауларымның барлығында қуанышым бірдей болған шығар. Дегенмен, қазіргі жұртқа кімнің не алғаны қызық қой. Термешілер конкурсы арқылы ең алғаш көлігімді он алты жасымда мінген болатынмын. Бұл Ақтөбе қаласында өткен Нұрпейіс Байғаниннің 150 жылдық мерейтойы болатын. Дайындық барысында  4 поэма, 1 толғау, 3 термесін жаттап, тыңғылықты дайындалған болатынмын. Себебі, конкурс шарты бойынша толғаудың не болмаса поэманың кез-келген жерінен бастап орындауыңды талап етеді. Сол сәтте тосылып қалмауың керек. Менің осы байқауға үлкен дайындықпен баруыма Алмас Алматов ағамыздың  да ықпалы тиді. Ол кісі дайындығымызда жиі тексеріп, бір апта қалған уақытта кәдімгідей емтихан алған болатын.

- Эстрада әншілері тойдың алдын бермей жүр. Сіздерге тойда сұраныс бар ма?

- Бұл сұрақтың жауабын қоюшы сіз де, оқитын оқырман да жақсы біледі ғой. Эстрада әншілерінен артылып қалған той-томалаққа «Тәубе» айтып жүре береміз. Бағана айтып өттік қой. Бұның барлығы талғамға байланысты. Бізге сұраныс жоқ деп айта да алмаймын. Бізді асабалар шақырмаса да, той иелері ара-тұра шақырып тұрады. Біздің тойдағы рөліміз үлкендердің тілегінен кейін, былайша айтқанда «Билемейтін тілек айтушылардан» кейін жыр айту. Негізі, тойды да тәрбие құралына айналдыруға болады. Асабалар не болмаса той иесі терме, жыр айтылар алдында әдемі кіріспе сөз айтып өтсе, нұр үстіне нұр болар еді.

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай?

-  Адам өледі. Адамдық өлмейді деген ұстанымым бар. Бес күн жалғанда барлығымыздың баратын жеріміз бір ғой. Марқұм Жәнібек Кәрменов өз толғауында «Адам боп келдім өмірге, адам боп кету тілегім» демеуші ме еді? Мен үшін адамдық бейнемді жоғалтпау маңызды.  Сондай-ақ, өнерге деген адалдықты  да өмірлік ұстанымым деп айта аламын. Өзгеден бұрын өзі түсінбейтін жеңіл дүниелерге әуес өнерпаздарға көңілім толмайды. Өнерді тек табыс көзі деп қарап, бала-шағасын жеңіл өнерге баулитындар шықты. Бұл мен үшін өте жиіркенішті құбылыс.

- Қандай адамдарға қызыға қарап, кімдерден аулақ жүресіз?

- Жақсының маңынан табылып, жаманның маңайынан алыс жүргенді кім қаламасын. Алмас Алматов ағам «Жақсыға жақын жүрген жақсы» деген сөзді жиі айтады.  Ішкі түйсігіміз кімді «Жақсы» деп пайымдаса сол адамдарға жақын жүреміз. Кейде түйсігіміздің алданып қалатын кездері де болады. Жаман деп ойлаған адамыңның үлкен жақсылығын көретін кездерің болады. Жақсының өзімен емес, жақсы қасиеттерімен ғана дос болған жөн-ау. Себебі, біз пендеміз. Періште көкте ғана.

- Қыздарға тән іс тігу, тамақ пісіру деген дүниелермен «доссыз» ба?

- Алмас Алматов ағамыздың жиі айтатын бір мақалы бар. «Бұқаны «малым бар» деме, Жыршыны «байым бар» деме» деп әзілдеп, жиі мысал келтіріп отырады. Шапан пішіп, бешпент тіге аламын деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Түйме қадаушылық деңгейіндегі тігіншімін. Ал, тамақ пісіру қыз балаға тән дүние ғой. Ол жағынан өзім қатарлас қыздардан асып кетпесем де кем түсе қоймаспын.

- Биыл екінші мәрте елге ұсынылған «Мен Қазақпын» телевизиялық мега жобасында бақ сынап отырсыз. Жоба көңіліңізден шықты ма?

- Бұл жоба біздің көптен күткен жобаларымыздың бірі. Кішкентай кезімде көк жәшіктен осы секілді жобаларды көрген кезімде «Мен де осылар секілді  байқауларға қатыссам ғой» деп ойлайтынмын. «Дала думан», «Сегіз қырлы» секілді жобалар ғой айтып отырғаным. Осындай тамаша жобалар уақыт өте келе экранна түсіп қалып, жоғалып кетті. «Мен Қазақпын» жобасы осы бағыттағы «шөлдеп» жүрген қауымға тамаша серпін болды. Осы бағдарламаның халыққа ұнағаны рас. Жобаның ғұмыры өміршең болса екен деген бір ғана тілегім бар. Біздің дәстүрлі өнерімізден де шоу жасауға болатынын дәлелдеген жоба дер едім.

- Осы жобадағы басты қарсыласыңыз кім деп ойлайсыз?

- Жобадағы аяқ алысым жаман емес. Қазір екінші кезеңге өттім. Жалпы, осы жобаға іріктеуден өткенімнің өзі үлкен жетістік. Әр аймақтың үкіліп қосқан жүйріктері бар. Мынау мықты, анау әлсіз деп айта алмаймын. Жеңілістің барлығы қарсыласты бағаламаудан туады ғой. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» деген сөз бар ғой. Жоба соңында кімнің мықты екенін өздеріңіз бағамдап аларсыздар.

- Рахмет, Күнсұлу. Өмірде де, өнерде де жолыңыз ақ болсын! Алға қойған мақсаттарыңызға жете беріңіз!

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға