Терісі сыдырылып кеткен – күйеуі атпен сүйреген әйелдің туыстары
Мөлдір Қайнар тілші
Жетісу облысында күйеуінің соққысынан жас келіншек бақилық болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Қайғылы оқиға Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында болған. Марқұм Айзат Маратқызы 21 маусымнан 22 маусымға қараған түні қатты соққыдан кейін есін жимастан қайтыс болған. Артында екі жасар қызы қалды.
Марқұмның әпкесі Раушан Дәрімбекованың айтуынша, күйеу жігіт әйелін соққыға жыққаннан кейін, көршісінің көлігімен әуелі Суықсай ауылындағы қайын жұртына апарып, одан соң Жансүгір кентіндегі аудандық ауруханаға жеткізген. Алайда ол жердегі жөндеу жұмыстарына байланысты Талдықорғандағы көпсалалы ауруханаға тасымалданған.
Біздегі дәрігерлік қорытынды бойынша, ауруханаға жеткізілген сәтте оның пульсі де, қан қысымы да болмаған. Дегенмен медициналық құжаттарда «комада жеткізілді» деп көрсетіліпті. Аурухана нақты ақпарат бермей отыр. Келесі күні енесі келіп, Айзаттың «жоғары қабаттан құлағанын» айтып, қаралы хабарды жеткізді. Бірақ біз оған сенбейміз, – дейді әпкесі.
Бұл іске қатысты Жетісу облыстық Денсаулық сақтау басқармасына да сауал жолданған. Алайда басқарма баспасөз қызметі тергеу жалғасып жатқанын және ресми түсініктеме беруге құқығы жоқ екенін алға тартты.
Марқұмның туыстарының айтуынша, Айзаттың денесі адам танымастай халде болған: басы қанталап, қол-аяғының терісі сыдырылып, беті көгеріп кеткен. Бетін ашқанда бет-аузы қап-қара болып көрінген. Сондай-ақ, бас сүйегі мен сол жақ бет сүйегі сынғаны белгілі болды.
Шашы түгел су болған, басы қоқымға толып қалған, – дейді туыстары.
Жақындары қылмысты аса ауыр баппен тергеуді және күдіктінің қатаң жазалануын талап етуде.
Жетісу облыстық Полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын және уақытша ұстау изоляторына қамалғанын мәлімдеді. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты қосымша ақпарат жарияланбайды.

