Тері қартаймас үшін күзде қандай тағам жеу керек?
Күз мезгілімен бірге ауа райы салқындап, ылғалдылық төмендеп, жылыту маусымы басталады. Бұл өзгерістер адам ағзасына, әсіресе теріге айтарлықтай әсер етеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Терінің құрғауы, қабыршақтануы, тітіркенуі – осы кезеңге тән құбылыстар. Мамандардың айтуынша, мұндай белгілерді жеңілдетудің ең тиімді жолы – тамақтану рационын дұрыс құру.
Дәрігер Наталья Маркова терінің саулығын сақтау үшін күзгі мәзірге омега-3 май қышқылдары мен антиоксиданттарға бай өнімдерді міндетті түрде енгізу керектігін атап өтті.
Күзде ағзада ылғал азайып, тері тез құрғайды. Бұл кезде балық, зығыр майы, жаңғақтар секілді омега-3 май қышқылдарына бай тағамдар теріні іштен нәрлендіріп, серпінділігін сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар А, С, Е дәрумендері, мырыш пен селен тері жасушаларының қалпына келуін жеделдетіп, қабынудың алдын алады, — дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, теріге тек сыртқы күтім емес, ішкі қолдау да маңызды. Тері жасушаларының жаңару процесі тікелей дәрумендер мен микроэлементтердің жеткілікті болуына байланысты. А дәрумені терінің серпінділігін арттырып, ұсақ әжімдердің пайда болуын тежейді. С дәрумені коллаген синтезін күшейтеді, ал Е дәрумені бос радикалдардың әсерінен қорғайды. Мырыш пен селен тері қабаттарындағы тіндердің қалпына келуін қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, дәрігер күн сайын кем дегенде 1,5–2 литр таза су ішу қажеттігін ескертеді. Су ағзадағы ылғал теңгерімін сақтап, теріге сергектік береді. Үй-жайда ауа тым құрғақ болса, ылғалдандырғыш құрал қолдану және құрамында гиалурон қышқылы немесе табиғи майлар бар косметикалық өнімдер таңдау пайдалы.
Күз — теріге ерекше күтім қажет кезең. Сондықтан тамақтану мәдениетін өзгертіп, дұрыс өнімдер таңдау арқылы табиғи сұлулық пен тері саулығын ұзақ сақтауға болады.

